Қазақстанда білікті мамандарды тарту үшін сұранысқа ие кәсіптер тізбесін кеңейту жоспарлануда

Қазақстанда білікті мамандарды тарту үшін сұранысқа ие кәсіптер тізбесін кеңейту жоспарлануда

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін және оны қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы № 49 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» бұйрық жобасын әзірледі.

Өзгерістер «Жоғары білікті мамандарды, шетелдік инвесторларды және кәсіпкерлерді тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында көші-қон саясатын жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің
2026 жылғы 25 сәуірдегі № 1242 Жарлығын іске асыру мақсатында енгізіледі.

Жобада сұранысқа ие кәсіптер тізбесін 51-ден 174 кәсіпке дейін кеңейту көзделген. Тізбеге денсаулық сақтау, инженерия және құрылыс, цифрлық технологиялар, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, білім беру салаларында және экономиканың басқа да басым салаларында сұранысқа ие кәсіптер енгізілген.

Тізбені ұсынылып отырған кеңейту еліміздің жекелеген өңірлерінде тапшылығы байқалатын сұранысқа ие кәсіптер бойынша білікті мамандарға деген қажеттілікті толықтыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта бұйрық жобасы белгіленген тәртіппен мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімінен өтуде.