Еңбекмині «Employment Permit System» жүйесі шеңберінде Корея Республикасының Еңбек министрлігімен ынтымақтастықты талқылады

Еңбекминінің өкілдері Корея Республикасының Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің өкілдерімен онлайн-форматта кездесу өткізіп, Қазақстанды Оңтүстік Кореяның «Employment Permit System» (бұдан әрі – EPS) жүйесіне қосу мәселесін талқылады.
EPS жүйесі Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін қазақстандықтардың заңды түрде жұмысқа орналасуына, сондай-ақ еңбек ету және құқықтарын қорғау бойынша тең жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Еңбекминінің Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев, Еңбекминінің Халықаралық ынтымақтастық және интеграция департаментінің директоры Саадат Асансеитова және Корея Республикасы Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің Шетелдік жұмыс еңбегі жөніндегі басқармасы директорының орынбасары Мюнг Сунг Хон қатысты.
Өз кезегінде Асқарбек Ертаев кездесуге қатысушыларды EPS жүйесі шеңберінде кореялық дайындық орталығын ашу бойынша қазақстандық тараптан жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Қазақстанда EPS орталығын ашу мүмкіндігін талқылай отырып, тараптар жемісті және сындарлы өзара іс-қимылға, сондай-ақ еңбек көші-қоны шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыруға дайын екендерін білдірді.