Толық мемлекеттік қамтамасыз ету кезінде қаржыландыру тәртібі жетілдіріледі
Қазақстанда азаматтарды толық мемлекеттік қамтамасыз ету жағдайында қаржыландыру тәртібін жетілдіру ұсынылады. Тиісті өзгерістер шығыстардың қайталануын болдырмауға және заңнамада көзделген әлеуметтік кепілдіктерді сақтай отырып, бюджет қаражатын неғұрлым тиімді пайдалануға бағытталған.
Қазіргі уақытта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мемлекеттік стационарлық орталықтарда тұратын азаматтар толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болады. Бюджет қаражаты есебінен олардың тұруы, тамақтануы, киім-кешегі, әлеуметтік қызметтері, медициналық көмегі және заңнамада белгіленген көлемде күтімі қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қамтамасыз ету қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде болатын азаматтарға да көзделген.
Бұл ретте қолданыстағы тетік зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды бөлуді көздейді: тиісті төлемнің 30%-ы тікелей азаматқа аударылып, оның жеке иелігінде қалады, ал 70%-ы орталықтың арнайы шотына аударылады. Бұл қаражат әлеуметтік қызметтер алушыларды қамтамасыз етуге байланысты қосымша шығыстарға, оның ішінде қосымша тамақтануға, жұмсақ мүкәммалға және заңнамада көзделген басқа да қажеттіліктерге жұмсалады.
Сонымен бірге толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі азаматтарды ұстауға арналған негізгі шығыстар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қазірдің өзінде жабылады. Осыған байланысты бір шығыстарды қаржыландырудың қайталануын болдырмау мақсатында зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың 70%-ын пайдалану тәртібін түзету ұсынылады.
Бұл ретте азаматтың тікелей иелігінде қалатын қаражат мөлшері өзгермейді. Бұрынғыдай, тиісті зейнетақы төлемінің немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының 30%-ы азаматқа жеке қажеттіліктеріне жұмсау үшін төленеді.
Қалған 70%-ын мемлекет қамтамасыз ететін шығыстарды қайталап қаржыландыруға пайдаланбау ұсынылады. Үнемделген бюджет қаражаты әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталуы мүмкін.
Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтарды мемлекеттік қамтамасыз ету көлемін қысқартуды көздемейтінін атап өткен жөн. Тұру, тамақтану, күтім жасау, медициналық көмек және заңнамада көзделген басқа да әлеуметтік қызметтер белгіленген тәртіппен мемлекет тарапынан қамтамасыз етіле береді. Жаңа тәртіпті тек азамат толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болған кезеңде қолдану ұсынылады.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықта тұруы тоқтатылғаннан кейін немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылғаннан кейін жасына байланысты зейнетақы, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеу толық көлемде – 100% мөлшерінде қайта басталады.
Осылайша, азаматтар үшін қолданыстағы тәртіпте көзделген қаражаттың олардың жеке иелігінде қалатын 30% мөлшері сақталады. Негізгі өзгеріс қалған 70%-ын пайдалану тәртібіне қатысты болып, шығыстардың қайталануын болдырмауға, мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін арттыруға және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін сақтауға бағытталған.