ҚОНЫС АУДАРҒАН КЕЗДЕ КӨРСЕТІЛЕТІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ: НЕНІ БІЛУ КЕРЕК

Жарияланған күні: 17 қыркүйек 2026

Қазақстанда қоныс аударған азаматтарға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл көмек тек қаржылай төлемдермен шектелмейді. Азаматтарға жаңа жерде жұмысқа орналасуға, баспана мәселесін шешуге және отбасының ортаға бейімделуіне қажетті қолдау шаралары ұсынылады.

Қандастарға 25 түрлі қызмет көрсетіледі. Олардың қатарында жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, баспана іздеуге және таңдауға көмектесу, жер учаскесін алу, балаларды мектеп пен балабақшаға орналастыру, медициналық және құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ консультациялық қызметтер бар.

Қоныс аударушыларға қаржылай қолдау да қарастырылған. Отбасының әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер ақысын төлеуге 15-тен 30 АЕК-ке дейін қаржылай көмек көрсетіледі, 1625 АЕК мөлшерінде экономикалық мобильділік сертификат беріледі.

Мемлекеттік қолдаудың негізгі қағидаларының бірі – жеке сүйемелдеу. Көші-қон әлеуетін бағалау кезінде адамның және оның отбасының кәсіби білімі мен дағдылары, әлеуметтік жағдайы, білім алуы және жаңа ортаға бейімделу мүмкіндіктері ескеріледі.