Ауыл шаруашылығы жануарларының бруцеллез ауруын алдын алу

Бруцеллез ауруы әлемдік деңгейде белең алған жануарлар мен адамдарға ортақ инфекциялық ауру. Бұл ауру сиыр, қой-ешкі, шошқа малдарының арасында жиі кездеседі. Аурудың басты белгілерінің бірі – ауырған малдың іш тастауы. Бруцеллез ауруы өңіріміз бойынша өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бруцеллез ауруын ауыл шаруашылығы жануарларының қан сынамаларын ветеринариялық зертханаларда диагностикалық тексеру арқылы анықтайды. Ветеринариялық-санитариялық қағидаларға сәйкес жасы 12 айдан асқан барлық ІҚМ мен ұсақ мал жылына 2 мәрте (көктемде және күзде) бруцеллез ауруына тексеріледі.

Бруцеллезге шалдыққан ауыл шаруашылығы жануарларының иелері Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрілігінің 29.06.2015 жылғы №7-1/587 бұйрығымен бекітілген «Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаға» сәйкес ветеринариялық зертхананың сараптама актісі бойынша, белгілі бір әкімшілік-аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының берген нұсқамасымен 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде ауру жануарларды санитариялық союды жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, яғни ет комбинаттары немесе  мал сою пункттеріне санитарлық сойысқа тапсыруы тиіс.