Салықтық тәуекелдерді барынша азайту негізінде салықтық тексерулерді тағайындау тәртібі

Қазақстанның Салық кодексі, калькулятор, монеталар және ҚР туы мен 2026 деген жазуы бар қаланың өсу кестесі.

   2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда салықтық тәуекелдерді басқарудың жаңартылған тәсілі қолданылады. Оның негізгі мақсаты – неғұрлым қатаң салықтық бақылау шараларын қолдану қажеттілігі туындағанға дейін ықтимал бұзушылықтарды уақтылы анықтау және бизнеске оларды жоюға көмектесу.

   Басқаша айтқанда, бүгінгі таңда салықтық әкімшілендіру алдымен ескерту және жағдайды түзетуге мүмкіндік беру, ал тәуекел жойылмаған жағдайда бақылау шараларын қолдану қағидаты бойынша жүзеге асырылады.

   Салықтық тәуекелдерді басқару жүйесі ықтимал салықтық тәуекелдерді анықтау және оларды барынша азайту жөніндегі шараларды айқындау бойынша іс-шаралар кешенін білдіреді. Мұндай тәртіп Салық кодексінің 93-бабында белгіленген.

   Тәуекел анықталған кезде шаралардың екі түрі қолданылады: алдын алу шаралары (бизнестің салықтық міндеттемелерді орындау қажеттілігіне алдын ала назар аударуын қамтамасыз ету үшін қолданылады. Мысалы, салық төлеушіге салық есептілігін ұсыну мерзімінің жақындағаны, салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу қажеттілігі және т.б. туралы хабарлама жіберілуі мүмкін) және бақылау шаралары (анықталған тәуекел белгіленген мерзімде жойылмаған жағдайда қолданылады. Оларға камералдық бақылау, электрондық шот-фактураларды жазып беру тәртібін бақылау, салықтық тексерулер және заңнамада көзделген салықтық бақылаудың өзге де нысандары жатады).

   Салықтық тексеру өз бетінше немесе ерікті түрде тағайындалмайды. Оны жүргізу негіздерінің бірі – салық органының шешімі. Оны қабылдау тәртібі Салық кодексімен және тиісті нормативтік құқықтық актілермен белгіленеді.

   Бұл ретте салықтық тәуекелді барынша азайту мақсатында тексеруді тағайындау үшін автоматтандырылған іріктеу қолданылады.

   Жүйе бизнестің қызмет ерекшеліктері мен ықтимал бұзушылық түрлерін ескеретін салықтық тәуекелдердің белгіленген бейіндері мен индикаторларын талдайды. Автоматтандырылған іріктеу нәтижелері бойынша тиісті бақылау шаралары қолданылуы мүмкін кәсіпкерлік субъектілері айқындалады.

   Осылайша, салықтық тексеру нақты бір бизнес «қолмен таңдалғандықтан» емес, белгіленген тәртіп шеңберінде және салықтық тәуекелдерді бағалау негізінде тағайындалады.

   Бұл ретте тәуекел аймағына ену фактісінің өзі салық заңнамасының сақталуына қосымша назар аудару қажеттігін білдіреді және бұзушылықтың бар екенін растамайды.

   Қолданыстағы тетік салықтық әкімшілендіруді неғұрлым атаулы, автоматтандырылған және ең алдымен салықтық тәуекелдердің алдын алуға бағытталған ету мақсатында құрылған.

   Рәсімнің реттілігі төмендегідей:

ықтимал тәуекелді анықтау → салық төлеушіге ескерту → тәуекелді жою мүмкіндігін беру → тәуекел жойылмаған жағдайда – заңда көзделген жағдайларда салықтық тексеруді қоса алғанда, бақылау шараларын қолдану.

   Салықтық тексерулерді тағайындау Салық кодексінің 93 және 153-баптарына, сондай-ақ салықтық тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану және салықтық бақылауды жүргізу тәртібін реттейтін белгіленген нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.