МКК төрағасы Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті
2026 жылғы 8 шілдеде Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев Шымкент қаласының тұрғындарымен, бизнес және қоғам өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесудің басты тақырыбы – МКК жұмысының сервистік моделін дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және салықтық әрі кедендік әкімшілендіруді жетілдіру болды.
«Біздің мақсатымыз – азаматтар мен бизнестің мемлекеттік кірістер органдарымен өзара іс-қимылын қарапайым, ыңғайлы әрі түсінікті ету. Біз бақылау моделінен мемлекет салық төлеушінің сенімді серіктесі болатын сервистік модельге кезең-кезеңімен көшудеміз», – деді Жандос Дүйсембиев.
Бүгінде МКК:
- 40 мемлекеттік қызмет көрсетеді, оның 90%-дан астамы онлайн форматта қолжетімді;
- электрондық қызметтердің үлесін 99,7%-ға жеткізді, жыл басынан бері 7,5 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетті;
- Байланыс орталығы арқылы 412 мыңнан астам консультация беріп, қанағаттану деңгейін 98%-ға жеткізді;
- цифрлық сервистерді дамытуда, бүгінде МКК-ның 20-дан астам қызметі екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді.
Ашық диалог барысында тұрғындар мен кәсіпкерлер жаңа Салық кодексі, салықтық және кедендік әкімшілендіру, мемлекеттік қызметтер мен цифрлық сервистер бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.