Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты азаматтардың банкроттығы туралы заңнаманы іске асыру мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты азаматтардың банкроттығы туралы заңнаманы іске асыру мәселелерін талқылады

       2026 жылғы 14 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Парламенттің VIII шақырылымы IV сессиясының жұмыс жоспары аясында азаматтардың банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру саласындағы заңнаманы іске асыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

      Талқылауға Сенат депутаттары, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі өкілдері, сондай-ақ өзге де мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.

    Отырыс барысында 2023 жылғы наурыздан бастап қолданыстағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру қорытындылары шығарылды. Осы кезеңде соттан тыс және сот банкроттығы рәсімдері бойынша жалпы сомасы шамамен 250 млрд.теңгені құрайтын міндеттемелер бойынша 66 397 азамат банкрот деп танылды. Бұдан бөлек, 1 118 азамат 20,4 млрд.теңге сомасына төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолданды, оның ішінде 402 борышкер бойынша төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарлары бекітілді.

     Заңның халықтың борыштық жүктемесін төмендетуге және азаматтарды қаржылық оңалтудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді. Сондай-ақ қатысушыларға рәсімдердің қолжетімділігін кеңейту, оларды қолдану тәртібін жеңілдету және борышкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту бойынша заңнаманы жетілдіру нәтижелері таныстырылды.

     Сонымен қатар талқылау барысында одан әрі нормативтік реттеуді талап ететін мәселелер айқындалып, азаматтардың банкроттығы мен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді.

Оқиға күні

15 мамыр 2026

Оқиға түрі

Дөңгелек үстел