2026 ЖЫЛЫ КІМДЕР ҚҚС-ТАН БОСАТЫЛАДЫ?

2026 ЖЫЛЫ КІМДЕР ҚҚС-ТАН БОСАТЫЛАДЫ?

2026 ЖЫЛЫ КІМДЕР ҚҚС-ТАН БОСАТЫЛАДЫ?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Осыған байланысты қосылған құн салығын (ҚҚС) қолдану тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді.
ҚҚС бойынша тіркеу есебіне кімдер қойылмайтынын және қандай операциялар салықтан босатылатынын түсіндіреміз.
1. Кімдер ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қойылмайды?
ҚР Салық кодексінің 99-бабына сәйкес, ҚҚС бойынша тіркеу есебіне мыналар қойылмайды:
Мемлекеттік мекемелер;
Резидент заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері;
Жеке практикамен айналысатын адамдар;
Арнаулы салық режимдерін (АСР), оның ішінде оңайлатылған декларация негізіндегі режимді қолданатын салық төлеушілер.
2. Қандай операциялар ҚҚС-тан босатылады?
Салық кодексінде жекелеген айналымдар мен операцияларды ҚҚС-тан босату көзделген. Атап айтқанда:
Денсаулық сақтау саласы
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберіндегі жекелеген медициналық қызметтер, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, сондай-ақ сирек кездесетін (орфандық) және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған тауарлар мен қызметтер белгіленген талаптар сақталған жағдайда.
Әлеуметтік сала
Заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келетін ұйымдардың жекелеген тауарлары, жұмыстары мен қызметтері.
Жылжымайтын мүлік
Жер учаскелері мен тұрғын үй жылжымайтын мүлкіне қатысты жекелеген операциялар.
Білім беру және мәдениет
Заңнамада ҚҚС-тан босату көзделген жекелеген қызмет түрлері.
Халықаралық тасымалдар
Заңнамада көзделген жағдайларда халықаралық тасымалдармен тікелей байланысты жекелеген жұмыстар мен қызметтер.
ҚҚС-тан босату Салық кодексінде белгіленген талаптар сақталған жағдайда қолданылады.
3. ҚҚС бойынша қашан тіркелу қажет?
2026 жылдан бастап ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі:
10 000 АЕК = 43 250 000 теңге.
Белгіленген шектен асқан және ҚҚС бойынша міндетті тіркеуге жататын салық төлеушілер заңнамада көзделген тәртіппен тіркеу есебіне тұруға міндетті.
МАҢЫЗДЫ!
ҚҚС бойынша тіркеу есебіне тұру міндетінің болмауы тауарларды импорттау кезінде ҚҚС төлеуден автоматты түрде босатуды білдірмейді.
Сонымен қатар барлық медициналық тауарлар мен қызметтер ҚҚС-тан толық босатылмайды. Олардың жекелеген санаттарына 2026 жылы 5% мөлшеріндегі төмендетілген мөлшерлеме қолданылады.
Құқықтық негіз: Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII Салық кодексі, 99, 474–479 және 503-баптар.
Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті