Жиі қойылатын сұрақтар
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2026 жылғы 30 қаңтардағы № 44-н/қ «Мотор майларын таңбалау және оларды қадағалау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес мотор майының тұтынушылық қаптамасының әрбір бірлігі жеке таңбалануға тиіс. Таңбаланған тауарларды топтық немесе көліктік қаптамаға жинақтау кезінде көліктік қаптаманың агрегатталған сәйкестендіру коды қолданылуы мүмкін. Мұндай агрегация тек логистикалық бірліктерді шоғырландыру және олардың қозғалысын қадағалау мақсатында қолданылады, алайда ол қаптамаға салынған тауардың әрбір бірлігіне бірегей сәйкестендіру құралын жағу міндетінен босатпайды.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы № 199-НҚ «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін және оны енгізу күнін айқындау туралы» бұйрығына сәйкес 2026 жылғы 1 ақпанға дейін өндірілген таңбаланбаған мотор майларын өткізуге тыйым салу мерзімі белгіленбеген.
Мұндай тауар қалдықтары сәйкестендіру құралдарын қолданбай-ақ жалпы белгіленген тәртіппен толық айналымнан шығарылғанға дейін немесе олардың жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін әкелінуі және өткізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және 2018 жылғы 2 ақпандағы Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімнің 8-бабына сәйкес міндетті таңбалау талаптары тек жеке тұлғалар жеке пайдалануы үшін әкелетін тауарларға қолданылмайды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы № 199-НҚ «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін және оны енгізу күнін айқындау туралы» бұйрығына енгізілген тауарларға өз өндірістік немесе технологиялық қажеттіліктері үшін импорттайтын заңды тұлғалар оларды таңбалау міндетінен босатылмайды.
Ішкі тұтыну үшін импорттау кезінде қадағалауды қамтамасыз ету процесі екі кезеңнен тұрады:
- Қазақстан Республикасының аумағына әкелгенге дейін немесе ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне орналастырылғанға дейін тауарларға сәйкестендіру құралдарын (Data Matrix кодтарын) жағу;
- Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде (ТТҚ АЖ) одан әрі өткізу фактісінің болмауына байланысты «Айналымнан шығару туралы хабарлама» құжатын қалыптастыру. Бұл ретте шығару себебі ретінде «өз өндірістік қажеттіліктері үшін» немесе «қызмет көрсету үшін» деген негіздердің бірін таңдау қажет. Аталған хабарлама өңделгеннен кейін таңбалау кодтары айналымнан шығарылады және тауардың осы бірліктерінің айналымы ресми түрде аяқталған болып есептеледі.
Қазіргі уақытта электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) ресімдеу кезінде таңбалау кодтарын көрсету міндеті де, қажеттілігі де көзделмеген. Уәкілетті мемлекеттік органдар бұл тәсілді 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап қадағалау тетіктері толық көлемде енгізілгеннен кейін де сақтауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу және олардың құжат айналымы қағидаларына (Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің м.а. 2025 жылғы 31 қазандағы № 657 бұйрығымен бекітілген) сәйкес таңбаланған тауарлар туралы мәліметтерді тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатқа (ТІЖ) міндетті түрде енгізу көзделген. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден өнім импортталған кезде айналымға қатысушы мотор майларының қозғалысын ТІЖ арқылы ресімдейді және импортталатын тауарға жағылған барлық сәйкестендіру құралдарын (таңбалау кодтарын) міндетті түрде көрсетеді.