Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы
БҰЙЫРАМЫН:
- «Қазақстан Республикасының көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 28 мамырдағы № 214 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17042 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының көмірсутек кен орындарын барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясы туралы ережеде:
9-тармақтың 1) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
«1) Кодекстің 113-бабына сәйкес бағалау жөніндегі жұмыстарды, теңіздегі барлау жұмыстарын, жер қойнауы учаскесін ұлғайтуды көздейтін барлау жұмыстарының жобалары, оларға өзгерістер мен толықтырулар;».
- «Көмірсутектерді барлау мен өндіру және уран өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 22 мамырдағы № 200 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде
№ 17094 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Көмірсутектерді барлау мен өндіру және уран өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау және жою қағидаларында:
4-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«4. Кодекстің 126 - бабының 2-тармағына сәйкес көмірсутектерді барлау мен өндіру кезінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою (бұдан әрі – жою):
1) Кодекстің 107-бабы 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жер қойнауы учаскесінде;
2) Кодекстің 114-бабында көзделген тәртіппен жер қойнауын пайдаланушы мемлекетке қайтаруға ниет білдірген жер қойнауы учаскесінде (оның бөліктерінде);
3) Кодекстің 123-бабының 13-1-тармағына сәйкес жер қойнауы учаскесінің барлығы қайтарылған жағдайда жер қойнауы учаскесінде жүргізіледі.».
- Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Көмірсутектер және жер қойнауын пайдалану салаларындағы мемлекеттік бақылау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) Осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
- Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
- Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Министр |
|
А. Сәтқалиев |
142
05 қаңтар 2024 11:40
05 қаңтар 2024