#Министерствотрудаисоциальнойзащитынаселения

Зейнетақы жинақтарын басқарудағы таңдау еркіндігі: қазақстандықтар жинақтарының 100%-ына дейін жеке басқаруға бере алады
Зейнетақы жинақтарын басқарудағы таңдау еркіндігі: қазақстандықтар жинақтарының 100%-ына дейін жеке басқаруға бере алады

Қазақстанда азаматтарға зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беру мүмкіндігін қарастыру көзделіп отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түсіндіргендей, әрбір салымшы басқарушы компанияны да, өзіне қолайлы инвестициялық стратегияны да дербес таңдай алады.

Бұл ретте мемлекет кепілдігі мен инвестициялық тәуекелдердің аражігін нақты ажырату көзделеді. Министрліктің ресми материалдарына сәйкес, зейнетақы жинақтарын толық көлемде жеке басқаруға берген жағдайда, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік сақталады. Ал салымшының өзі таңдаған инвестициялық стратегияға байланысты тәуекелдер үшін жауапкершілік оның өзіне жүктеледі.

Зейнетақы жинақтарын басқаруға беру талаптары мен мемлекеттік кепілдіктің қолданылу шегі қолданыстағы зейнетақы заңнамасына сәйкес айқындалады. Сондықтан басқарушы компанияны таңдап, шешім қабылдамас бұрын азаматтарға оның инвестициялық стратегиясымен және ықтимал тәуекелдерімен мұқият танысу ұсынылады.

Новости
Дата публикации: 16.10.2026
Әлеуметтік саясаттың басты назарында – адам және оның өмірлік жағдайы
Әлеуметтік саясаттың басты назарында – адам және оның өмірлік жағдайы

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді алу мерзімінің ең ұзақ шегін алты айдан үш айға дейін қысқарту көзделіп отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Сонымен қатар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін белсенді шаралар кешені ұсынылады. Оның ішінде азаматтарға қолайлы бос жұмыс орындарын іріктеу, тегін кәсіптік оқыту және қайта даярлау, сондай-ақ субсидияланатын арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру бар. Әлеуметтік төлем мерзімін қысқарту азаматтардың еңбек нарығына тезірек оралуына және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу мақсатында жүзеге асырылуда.

Айта кету керек, төлемнің ең ұзақ мерзімін қысқарту жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің толық жойылатынын білдірмейді. Төлем алу кезеңі мен оны тағайындаудың өзге де шарттары қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындалады. Бұл ретте әрбір азаматтың үш ай ішінде міндетті түрде жұмысқа орналасатынына кепілдік берілмейтінін де ескерген жөн.

Новости
Дата публикации: 16.10.2026
Еңбек министрлігі медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындыларына шағымдану тәртібін түсіндіреді
Еңбек министрлігі медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындыларына шағымдану тәртібін түсіндіреді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындыларына шағымдану тәртібін түсіндіреді. Егер азамат мүгедектік тобына, оның мерзімі мен себебіне, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесіне қатысты қабылданған шешіммен келіспесе, сараптамалық қорытындыны қайта қарау туралы өтініш беруге құқылы. Бұл құқықты оның заңды өкілі де пайдалана алады.

Ол үшін сараптамалық қорытынды алынған күннен бастап үш айдан кешіктірмей ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне шағым беру қажет. Шағымды қағаз түрінде немесе e-Otinish платформасы арқылы электрондық форматта жолдауға болады.

Қорытындыны қайта қарау тәртібі бастапқы куәландырудың қалай жүргізілгеніне байланысты. Егер азамат тікелей жүргізілген сараптама нәтижесіне шағымданса, оны МӘС әдіснама және бақылау бөлімі қайта қарайды. Мамандар медициналық құжаттарды зерделеп, азаматты тексереді. Диагнозды және ағза функцияларының бұзылу дәрежесін нақтылау қажет болған жағдайда кардиолог, онколог, офтальмолог, педиатр және психолог сияқты бейінді мамандар тартылады.

Егер азамат сырттай, проактивті форматта жүргізілген куәландыру нәтижесімен келіспесе, шағымын тұрақты тіркелген жері бойынша аумақтық департаментке береді. Құжаттар басқа өңірдің МӘС әдіснама және бақылау бөліміне қарауға жіберіледі. Қорытынды азаматтың жеке деректері көрсетілмеген медициналық құжаттар негізінде сырттай қайта қаралады.

Мұндай жағдайда тиісті бөлімге МӘС актісі келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сараптамалық қорытынды шығарылады. Бұл мерзім құжаттарға сараптамалық баға беру кезеңіне қатысты. Ал ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 99-бабына сәйкес, заңнамада жекелеген жағдайлар үшін өзге мерзімдер белгіленуі мүмкін. Мұндай жағдайда шағым 20 жұмыс күнінде қаралатын болады.

Нәтижесінде бұрын шығарылған сараптамалық қорытынды өзгертілуі немесе өзгеріссіз қалдырылуы ықтимал. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда азамат заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануды жалғастыруға құқылы.

2026 жылдың тоғыз айында тікелей және сырттай проактивті форматта жүргізілген МӘС нәтижелеріне шағымдану бойынша 4 918 қайта куәландыру өткізілді. Оның 440-ы немесе 8,9%-ында қайта қарау қорытындысы бойынша мүгедектік белгіленіп, не мүгедектік тобы неғұрлым ауыр топқа өзгертілді.

Еске салайық, МӘС жүргізу және оның нәтижелеріне шағымдану тәртібі ҚР Әлеуметтік кодексімен және Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларымен реттеледі.

Новости
Дата публикации: 15.10.2026
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау: әлеуметтік инспекторлар 913 тексеру жүргізді
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау: әлеуметтік инспекторлар 913 тексеру жүргізді

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында мүгедектігі бар адамдар мен арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың құқықтарын сақтау бойынша 913 тексеру жүргізілді.

Тексеруді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріндегі мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар өткізді.

Нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 625 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 67 млн теңгеден асатын 290 айыппұл салынды.

Тексерулердің 335-і жоспардан тыс жүргізілсе, 452-сі профилактикалық бақылау аясында өтті. Ал 126 тексеру прокуратураның талабы бойынша ұйымдастырылды. Мұндай тексерулер еліміздің барлық өңірін қамтыды. Тексеру ең көп жүргізілген өңірлердің қатарында Алматы облысы (110), Алматы қаласы (81), Астана қаласы (79), Түркістан облысы (63) және Батыс Қазақстан облысы (56) бар.

Әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдар үшін ортаның қолжетімділігіне, қауіпсіздігіне және қажетті әлеуметтік қызметтерді кедергісіз алу мүмкіндігіне ерекше назар аударады. Олар арнаулы әлеуметтік қызметтердің көрсетілуін, әлеуметтік және көлік нысандарының қолжетімділігін, сондай-ақ оңалту шараларының орындалуын тексереді.

Қолжетімді орта – ғимаратта пандус пен тұтқалардың болуымен ғана шектелмейді. Ең бастысы, мүгедектігі бар адам ғимаратқа кедергісіз кіріп, оның ішінде еркін қозғалып, қажетті қызметтерді қауіпсіз әрі қиындықсыз алуы керек. Ол үшін қозғалыс бағытының барлық учаскесі қолжетімділік талаптарына сәйкес болуы қажет.  

Мемлекеттік бақылаудың мақсаты – заңбұзушылықтарды анықтап қана қою емес, оларды жойып, азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету.

Егер адам арнаулы әлеуметтік қызмет алу кезінде құқықтарының бұзылғанын байқаса немесе нысандарға қолжетімділік мәселесіне тап болса, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгіне алады. Өтініште нақты нысанды көрсетіп, қандай мәселе туындағанын жазу ұсынылады.

 

 

 

 

Новости
Дата публикации: 13.10.2026
Тоғыз айда «Әлеумет» порталы арқылы 463 мыңнан астам қызмет көрсетілді
Тоғыз айда «Әлеумет» порталы арқылы 463 мыңнан астам қызмет көрсетілді

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында «Әлеумет» әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға оңалту құралдары мен қызметтерін ұсыну бойынша 463 205 қызмет көрсетілді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың қажетті оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдауына мүмкіндік беретін порталды дамытуды жалғастырып келеді. Пайдаланушылар қажетті құралдар мен қызмет көрсетушілерді өздерінің жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасына сәйкес таңдай алады.

Көрсетілген қызметтердің ішінде 330 300-і оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге, 8 600-і ымдау тілі маманының қызметіне, 27 400-і жеке көмекшінің қызметіне, ал 96 905-і санаторий-курорттық емделуге тиесілі.

2026 жылдың тоғыз айында порталда 75 062 адам белсенді қызмет алушы ретінде тіркелді. Сонымен қатар осы кезеңде 11 285 тауар тіркелген. Қазіргі уақытта порталда оңалтудың техникалық құралдарын ұсынатын 690 жеткізуші бар. Оның 433-і есепті кезеңде тіркеуден өткен.

Портал арқылы протездік-ортопедиялық бұйымдарға, есту және көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы құралдарға, жүріп-тұру құралдарына және міндетті гигиеналық құралдарға тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметін және санаторий-курорттық емделуді таңдауға мүмкіндік бар.

Пайдаланушылар жеткізушілердің ұсыныстарын қарап, тауарлардың сипаттамаларын салыстырып, өздеріне қолайлы нұсқаны таңдай алады. Бұл ретте таңдалған құралдар мен қызметтер адамның жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасында қарастырылуы керек. Тапсырыс беру және қажетті құжаттарға қол қою электрондық цифрлық қолтаңба арқылы онлайн жүзеге асырылады.

Азаматтарға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында Aidana чат-боты жұмыс істейді. Ол порталдың жұмыс істеу тәртібі мен нормативтік-құқықтық актілер туралы мәлімет беріп, жиі қойылатын сұрақтарға жауап ұсынады.

Порталды пайдалану кезінде көмекке мұқтаж азаматтар жергілікті әлеуметтік қорғау органдары жанындағы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарына жүгіне алады. Мамандар қажетті оңалту құралдарын таңдау және оларға тапсырыс беру тәртібін түсіндіреді.

«Әлеумет» порталы қызмет алушылар мен жеткізушілерді тікелей байланыстырып, азаматтардың өз қажеттіліктеріне сәйкес оңалту құралдары мен қызметтерін таңдау мүмкіндіктерін кеңейтеді. Порталды aleumet.egov.kz сайты арқылы пайдалануға болады.

 

Новости
Дата публикации: 12.10.2026
Жалақы уақытында төленбесе, жұмысшы қайда жүгінуі керек және жұмыс берушіге қандай жауапкершілік қарастырылған?
Жалақы уақытында төленбесе, жұмысшы қайда жүгінуі керек және жұмыс берушіге қандай жауапкершілік қарастырылған?

Жалақыны уақытылы әрі толық төлеу – жұмыс берушінің басты міндеттерінің бірі және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, жалақыны айына кемінде бір рет және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс. Төлемнің нақты күні еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді. Егер белгіленген төлем күні демалыс не мереке күніне сәйкес келсе, жалақы одан бұрынғы күндерде төленеді.

Жалақы кешіктірілсе, не істеу керек?

Алдымен жұмыскер жұмыс берушіге жүгініп, кешіктіру себебін анықтап, берешекті өтеуді талап ете алады.

Мәселе шешілмесе, жұмыскер жұмыс берушінің тұрған жеріндегі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге құқылы. Өтінішті eOtinish жүйесі арқылы электрондық форматта да жіберуге болады.

Өтінішке еңбек қатынастарын және жалақы бойынша берешекті растайтын қолда бар құжаттарды қоса тапсыру керек. Ол жерде еңбек шарты, есеп айырысу парақтары, банк көшірмелері, бұйрықтар және өзге де растайтын материалдар болуы мүмкін.

Өтініш қаралғаннан кейін қандай іс-шаралар жүргізіледі?

Қажет болған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары заңнамада белгіленген тәртіппен бақылау іс-шараларын жүргізеді.

Берешек фактісі расталса, жұмыс берушіге бұзушылықты жоюға, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеуге міндетті орындалуға тиіс нұсқама беріледі. Нұсқаманың орындалуын мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылауға алады.

Сонымен қатар жұмыс беруші жұмыскерге жалақы берешегін ғана емес, кешіктірілген әрбір күнтізбелік күн үшін тұрақсыздық айыбын да төлеуге міндетті. Оның мөлшері жалақы төлеу міндеттемесі орындалған күні қолданыста болған ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері бойынша есептеледі.

Жұмыс берушіге қандай жауапкершілік көзделген?

Жалақыны толық көлемде, белгіленген мерзімде төлемегені үшін, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсінен тұрақсыздық айыбын есептемегені және төлемегені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабында әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Айыппұл мөлшері:

  • лауазымды адамдарға – 30 АЕК;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК мөлшетін құрайды.

Жалақының кешіктірілуі жұмыскердің еңбек құқықтарының бұзылуы болып табылатынын еске саламыз. Егер жұмыс беруші жалақыны белгіленген мерзімде төлемесе, жұмыскер заңнамада көзделген шараларды қабылдап, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін мемлекеттік еңбек инспекциясы органдарына жүгіне алады.

Новости
Дата публикации: 02.10.2026
  • 1