Осал топ санатындағыларды оңалту орталықтарының жай-күйі: өмір сүру сапасына инвестиция ретінде инфрақұрылымын жетілдіру

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде мүгедектігі бар адамдар мен арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж азаматтарды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оның негізгі бағытының бірі – оңалту қызметтерінің қолжетімділігін кеңейту, сапасын арттыру және өңірлерде заманауи оңалту инфрақұрылымын қалыптастыру.

Қазіргі таңда Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 600-ден аса лицензияланған ұйым жұмыс істейді. Олар 107 мыңнан астам азаматты қамтып отыр. Сонымен қатар республика бойынша 34 оңалту орталығы қызмет көрсетуде. Бұл орталықтарда азаматтарға медициналық, әлеуметтік және психологиялық оңалту шаралары кешенді түрде ұсынылады.

Соңғы жылдары оңалту жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңадан салынып жатқан орталықтар заманауи талаптарға сәйкес жобалануда және жоғары технологиялық оңалту жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.

Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің 12 өңірінде әрқайсысы 150 орындық жаңа оңалту орталықтарының құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тұрғылықты жеріне жақын жерде сапалы оңалту қызметін алуына мүмкіндік береді.

2023 жылдан бастап Семей, Тараз, Кентау, Орал, Атырау және Астана қалаларында 6 жаңа оңалту орталығы іске қосылды.

Ал 2026-2028 жылдары Шымкент, Талдықорған, Көкшетау, Ақтөбе Алматы және Павлодар қалаларындағы тағы 6 орталықтың құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бұл жобалардың әлеуметтік маңызы өте жоғары.

Жаңа орталықтардың іске қосылуы қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, өңірлердегі оңалту инфрақұрылымының теңгерімді дамуына, азаматтардың кезегін азайтуға және тұрғылықты жеріне жақын жерде қажетті қызметтер алуына мүмкіндік береді.

Мемлекеттік оңалту орталықтарында жолдама алған азаматтарға емдеу-оңалту қызметтерімен қатар жатын орын мен тамақтану мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік оңалту орталықтарында жеке абилитациялау және оңалту жоспарында көрсетілетін көрсетілімдер болған жағдайда тегін ұсынылады. Бұдан бөлек, жеке оңалту бағдарламасына сәйкес медициналық, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетіліп, техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету секілді әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда елімізде оңалту жүйесін дамыту тек жаңа ғимараттар салумен ғана шектелмейді. Мемлекет көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және әрбір азаматтың қажеттілігіне бейімделген тиімді оңалту жүйесін қалыптастыруға басымдық беріп отыр.

Бұл бағыттағы жұмыстардың түпкі мақсаты – осал топтағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың қоғамға толыққанды бейімделуіне және белсенді өмірге оралуына жағдай жасау.