Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту – «Белсенді ұзақ өмір сүру»
Қазақстанда аға буын өкілдерінің белсенді, салауатты және мазмұнды өмір сүруіне жағдай жасалуда.
Осындай бағыттардың бірі – Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары, онда зейнеткерлер бос уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізіп, денсаулықтарын нығайтып, өз қабілеттерін дамытып, жаңа достар таба алады.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында аға буын азаматтарына емдік дене шынықтыру, йога, скандинавиялық жүріс, би, шахмат, қолөнер, вокал, бейнелеу өнері, шет тілдері және цифрлық сауаттылық бойынша сабақтар ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, мәдени, спорттық және білім беру іс-шаралары, қызығушылықтары бойынша кездесулер, сондай-ақ психологтар мен заңгерлердің консультациялары өткізіледі.
Орталықтардың жұмысына қатысу егде жастағы адамдарға дене белсенділігін сақтауға, қарым-қатынас аясын кеңейтуге, жаңа білім мен дағдыларды игеруге, шығармашылық әлеуетін ашуға және қоғамдық өмірге толыққанды араласуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік оқшауланудың алдын алуға, психологиялық әл-ауқатты сақтауға және белсенді ұзақ өмір сүруге жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді.
Орталықтар сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді. Мұнда жастармен бірлескен іс-шаралар, шығармашылық шеберлік сабақтары, волонтерлік акциялар және өмірлік тәжірибені, білім мен дәстүрлерді кейінгі ұрпаққа беруге бағытталған басқа да бастамалар өткізіледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын дамыту бойынша жұмысты жалғастыруда. Бұл ретте аға буын азаматтарының белсенді болып, қоғамдық өмірге араласуын және жасына қарамастан өз әлеуетін іске асыруын қамтамасыз етуге жағдай жасау басты назарда.