2026-2028 жылдарға арналған ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға конкурстың жеңімпазын жариялау туралы
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылғы 29 маусым – 8 шілде аралығында өткен «Әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдар және өнер» ғылым бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңес отырысының № 6 хаттамасына сәйкес, 2026 жылғы 3 наурызда жарияланған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы қолданбалы зерттеулер бойынша 2026–2028 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсының жеңімпазы ретінде ҚР ЕХӘҚМ «Еңбек қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК-ны (бұдан әрі – Институт) келесі тақырыптар бойынша бекітті:
- «Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің кәсіптік ауруларын анықтау және алдын алу тетіктерін жетілдірудің ғылыми-әдістемелік негіздері»;
- «Қызметкерлерді зиянды және қауіпті еңбек жағдайларының әсерінен ұжымдық қорғау құралдарын таңдау және қолдануды нормативтік-құқықтық және нормативтік-техникалық реттеуді оңтайландырудың ғылыми негізделген стратегиясын әзірлеу».
Аталған ғылыми зерттеулерді іске асыру барысында еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіруге бағытталған нақты ғылыми және практикаға бағдарланған нәтижелер алу көзделеді.
Бірінші тақырып – «Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің кәсіптік ауруларын анықтау және алдын алу тетіктерін жетілдірудің ғылыми-әдістемелік негіздері» бойынша еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің кәсіптік денсаулығына әлеуметтік-гигиеналық мониторинг жүргізудің ғылыми-әдістемелік негіздерін қалыптастыру, еңбек жағдайларының жай-күйі, уақытша еңбекке жарамсыздық және кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу туралы деректердің талдамалық базасын құру, сондай-ақ тиісті деректерді интеграциялау және талдаудың цифрлық тетіктерін әзірлеу күтіледі.
Зиянды өндірістік факторлардың әсері мен қызметкерлердің кәсіптік денсаулығы көрсеткіштерінің өзгеруі арасындағы өзара байланысты анықтауға мүмкіндік беретін предиктивті (болжамдық) талдау алгоритмін әзірлеу көзделеді. Әзірленген ғылыми-әдістемелік және цифрлық шешімдер пилоттық кәсіпорындарда сынақтан өткізіліп, олардың практикада қолданылу мүмкіндігі мен нәтижелерінің қайталанымдылығы бағаланады.
Зерттеу қорытындысы бойынша кәсіптік ауруларды ерте анықтау және алдын алу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіптік денсаулығын мониторингтеу жүйесін дамыту жөнінде ғылыми негізделген ұсынымдар әзірленеді.
Екінші тақырып – «Қызметкерлерді зиянды және қауіпті еңбек жағдайларының әсерінен ұжымдық қорғау құралдарын таңдау және қолдануды нормативтік-құқықтық және нормативтік-техникалық реттеуді оңтайландырудың ғылыми негізделген стратегиясын әзірлеу» бойынша қызметкерлерді ұжымдық қорғау құралдарын таңдауға, қолдануға және олардың тиімділігіне қойылатын талаптарды реттейтін қолданыстағы нормативтік-құқықтық және нормативтік-техникалық базаның кешенді талдауы жүргізіледі.
Отандық және халықаралық тәжірибені талдау негізінде қолданыстағы нормативтік олқылықтар мен кедергілер анықталып, оларды жою жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар қалыптастырылады және кәсіптік тәуекелге бағдарланған тәсілді ескере отырып, ұжымдық қорғау құралдарын реттеуді жетілдіру тәсілдері әзірленеді.
Практикалық нәтиже ретінде нормативтік-құқықтық және нормативтік-техникалық реттеуді жетілдірудің ғылыми негізделген стратегиясын, тиісті нормативтік құқықтық және техникалық құжаттарды өзектендіру жөніндегі ұсыныстарды, сондай-ақ кәсіптік тәуекелдердің сипаты мен деңгейін ескере отырып, ұжымдық қорғау құралдарын таңдау және қолдану бойынша ғылыми-әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу көзделеді.
Зерттеу нәтижелері сынақтан өткізіліп, оларды еңбекті қорғауды басқару жүйесін жетілдіру кезінде одан әрі пайдалану үшін мүдделі мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілерге және сарапшылар қоғамдастығына ұсынылады.
Осылайша, екі ғылыми тақырыпты іске асыру қорытындысы бойынша Министрлік тек ғылыми жарияланымдармен шектелмей, практикада қолдануға болатын нақты ғылыми өнімдер мен құралдарды алуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында талдамалық материалдар мен деректер базасы, ғылыми-әдістемелік әзірлемелер, цифрлық шешімдер мен кәсіптік тәуекелдерді талдау алгоритмдері, нормативтік-құқықтық реттеуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстар, жұмыс берушілерге арналған ұсынымдар, сондай-ақ кәсіпорындар практикасына енгізуге және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру кезінде пайдалануға болатын апробациядан өткен ғылыми әзірлемелер бар.