«Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені немесе ұзартқаны үшін алым мөлшерлемелерін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына ПРЕСС-РЕЛИЗ
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 15 шілдедегі кодексіне (Салық кодексі) сәйкес келтіру мақсатында «Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру немесе ұзарту үшін алым мөлшерлемелерін белгілеу туралы» қаулы жобасы әзірленді.
Бұдан басқа, қаулы жобасы шетелдік жұмыс күшін тарту процестерін ретке келтіруге, шетелдік жұмыскерлерді пайдалану деңгейі жоғары салаларда, атап айтқанда құрылыс және қызмет көрсету саласында бақылауды күшейтуге және көлеңкелі жұмыспен қамтуды төмендетуге бағытталған.
Сондай-ақ, қаулы жобасы шеңберінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап маусымдық қызмет түрлері бойынша шетелдік жұмыскерлерді тартуға рұқсат бергені және ұзартқаны үшін алымдар мөлшерлемесін ұлғайту көзделеді.
Қабылданған шаралар бизнес-қоғамдастық өкілдерімен келісіліп, экономиканың қажеттіліктері мен ішкі еңбек нарығын қорғау арасында теңгерімді жағдайлар жасауға бағытталған.
Мөлшерлемелердің өсуі арзан шетелдік жұмыс күшіне тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді және қазақстандық азаматтарды, әсіресе жұмыссыздық деңгейі жоғары өңірлерде жалдау үшін ынталандырулар жасайды.
Жұмыс берушілер арасында құқықтық сауаттылық пен рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмысының жоспары қосымша қарастырылған.