Жыл басынан бері Қазақстанда жеке көмекші қызметі бойынша 24 мыңға жуық тапсырыс орындалды
2026 жылдың басынан бері елімізде мүгедектігі бар азаматтарға жеке көмекші арқылы 24 мыңға жуық көмек көрсетілді.
Жеке көмекші қызметі мүгедектігі бар адамға күнделікті қажетті жерлеріне баруына, түрлі жұмыстарын атқаруына және өз бетінше жүріп-тұруына көмектесуге бағытталған.
Қызмет көрсету үшін үш тарап арасында келісімшарт жасалады. Оған мүгедектігі бар адам, жеке көмекші және жергілікті атқарушы орган қатысады. Келісімшартта қызметтің қалай көрсетілетіні, сондай-ақ әр тараптың құқықтарымен міндеттері жазылады.
Маман тек нақты көрсеткен қызметі үшін ақы алады. Бір қызметтің құны АЕК мөлшерінің 54,56%-ына тең. Бір реттегі қызмет көрсету уақыты 4 сағаттан аспауы керек. Бір ай ішінде 60 қызметкедейін көрсетуге болады.