Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарына объектілердің сәйкестігі туралы декларацияны келісу
Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 135-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің (бұдан әрі – Комитет) аумақтық бөлімшесінің (бұдан әрі – аумақтық департамент) объектілерді пайдалануға қабылдау кезінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарына объектілердің сәйкестігі туралы декларацияны қарау және келісу тәртібі айқындалған. Бұл тәртіп Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалануға берілетін жаңа құрылыс объектілерін салуға, сондай-ақ құрылыс объектілерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, реставрациялау, реновациялау және күрделі жөндеу жұмыстарына қолданылады.
Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарына объектілердің сәйкестігі туралы декларацияны келісу әлеуметтік, көлік, өндірістік және өзге де мақсаттағы құрылыс объектілеріне олардың функционалдық мақсатын, пайдалану сипатын және аталған топтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып қолданылады.
Декларацияны келісу азаматтық қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына және белгіленген өткізу режиміне сәйкес кіруге шектеу қойылған немесе тыйым салынған қауіпті өндірістік объектілердің технологиялық аймақтарына, өндірістік учаскелеріне, үй-жайларына және өзге де аумақтарына қолданылмайды.
Бұл ретте халықтың немесе жұмыскерлердің кіруі көзделген қауіпті өндірістік объектінің әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлары, келушілерді қабылдау бөлмелері және өзге де бөліктері объектінің функционалдық мақсаты мен қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарына сәйкестігі тұрғысынан бағаланады.
Декларацияны келісудің мақсаты – халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша орындалған іс-шаралардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, қолданылатын құрылыс нормаларына және объектінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігіндегі жобалық шешімдерге сәйкестігін растау.
Декларацияны келісуді Комитеттің аумақтық департаменттері өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
Сәйкестік туралы декларацияны келісу тек халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге қатысты шешімдер мен іс-шаралар шегінде жүзеге асырылады және декларацияның жалпы дұрыстығын тексеру болып табылмайды, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы, орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыларды алмастырмайды.
Декларацияны келісу құрылыс жұмыстарының жалпы сапасын растау болып табылмайды және тек халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының объектіге қолжетімділігінің қамтамасыз етілгенін растау бөлігінде жүзеге асырылады.
Декларацияны келісу объектілердің меншік иелері мен иеленушілерін Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы, құрылыс және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтау міндетінен босатпайды.
Объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптары объектінің функционалдық мақсаты мен жобалық шешімдерін ескере отырып қолданылады.
Өндірістік, режимдік, қоймалық, инженерлік және өзге де мамандандырылған объектілер үшін қолжетімділік негізінен мына бөліктерге қатысты бағаланады:
1) әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлар;
2) келушілерді қабылдау үй-жайлары;
3) қызмет көрсету аймақтарына апаратын қозғалыс жолдары;
4) жұмыскерлер мен келушілерге арналған санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар.
5) тарихи-мәдени мұра объектілері.
Халықтың тұрақты болуы көзделмеген объектілерде қолжетімділіктің жекелеген талаптары орынды бейімдеу қағидатын ескере отырып қолданылады. Ғимараттың барлығын қолжетімді етіп жабдықтау мүмкін болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының «Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін ескере отырып ғимараттар мен құрылыстарды бейімдеуді жобалау. Жалпы ережелер» ҚР ЕЖ 3.06-101-2012* қағидалар жинағына (бұдан әрі – ҚР ЕЖ 3.06-101-2012*) сәйкес, ғимаратта көрсетілетін барлық қызмет түрлерін қамтамасыз ете отырып, кіреберіс деңгейінде мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуге бейімделген арнайы үй-жайлар, аймақтар немесе блоктар бөлінеді.
«Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін ескере отырып ғимараттар мен құрылыстарды бейімдеуді жобалау. Жалпы ережелер» ҚР ЕЖ 3.06-101-2012* (бұдан әрі – ҚР ЕЖ 3.06-101-2012*).
Өндірістік, қоймалық, инженерлік және режимдік объектілерде халықтың, тиісті еңбек функцияларын атқаратын жұмыскерлердің келуіне арналған бөліктер, сондай-ақ осы үй-жайларға апаратын қозғалыс жолдары бағалауға жатады.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін бағалау кезінде Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнама талаптары ескеріледі. Объектіні сақтау талаптарына байланысты қолжетімділікті қамтамасыз етудің стандартты шешімдерін қолдану мүмкін болмаған жағдайда, объектіні сақтау талаптарын бұзбай, барынша мүмкін болатын қолжетімділікті қамтамасыз ететін жобалық бейімдеу шаралары бағаланады.
Өндірістік, режимдік, қоймалық, инженерлік және өзге де мамандандырылған объектілердің қолжетімділігін бағалау Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы заңнама талаптарын, объектінің функционалдық мақсатын, өндірістік процестердің сипатын және белгіленген кіру режимін ескере отырып жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау саласындағы заңнамасы немесе белгіленген өткізу режимі бойынша кіруге шектеу қойылған не тыйым салынған қауіпті өндірістік объектілердің технологиялық аймақтары, өндірістік учаскелері, үй-жайлары және өзге де аумақтары қолжетімділік тұрғысынан бағалауға жатпайды
Өтініш беру
Сәйкестік туралы декларацияны келісу үшін өтініш беруші объектінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары аяқталғаннан кейін және құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау актісіне қол қойылғанға дейін азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы аумақтық департаментке халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарына объектінің сәйкестігі туралы декларацияны келісу жөнінде өтініш жолдайды.
Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мердігер (бас мердігер) жасаған және қол қойған сәйкестік туралы декларация;
2) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес объектіні фотофиксациялау материалдары;
3) бар болған жағдайда қолжетімділікті қамтамасыз ету іс-шараларының орындалуын растайтын құжаттар (мүгедектігі бар адамдардың қозғалыс жолдарын ұйымдастыру схемасы, орнатылған қолжетімділік және навигация құралдары туралы мәліметтер);
4) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігіндегі жобалық шешім;
5) егер объектіге мүгедектігі бар адамдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету талап етілмесе, объектінің өндірістік, режимдік, қоймалық, инженерлік немесе мамандандырылған объектілерге жататынын және онда мүгедектігі бар адамдардың болуы, оларға қызмет көрсетілуі немесе олардың еңбек қызметін жүзеге асыруы көзделмейтінін растайтын құжаттарды ұсынуды сұраймыз.
Объектінің халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының
қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарына сәйкестігін бағалау
Объектінің халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарына сәйкестігін бағалау мына құжаттарға сәйкес жүргізіледі:
1) Қазақстан Республикасының «Ғимараттар мен құрылыстардың халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділігі» ҚР ҚН 3.06-01-2011 құрылыс нормалары;
2) ҚР ЕЖ 3.06-101-2012*;
3) халықты әлеуметтік қорғау, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілер мен мемлекеттік нормативтер.
Объектінің қолжетімділігін бағалау жер учаскесінің шекарасынан (тротуардан/жаяу жүргіншілер аймағынан) объектінің кіреберісіне дейін, ал объектінің ішінде кіреберіс тобынан азаматтардың келуіне, оларға қызмет көрсетуге немесе олардың болуына арналған үй-жайларға дейін айқындалатын қолжетімді маршрутты ескере отырып жүргізіледі.
Объектінің сәйкестігін бағалау мынадай жолдармен жүзеге асырылады:
1) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша іс жүзінде орындалған іс-шараларды көзбен шолып тексеру үшін объектіге барып зерттеп-қарау;
2) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігіндегі жобалық шешімдерді объектінің нақты орындалуымен салыстыру;
3) объектіні фотофиксациялау;
Әрбір көшпелі зерттеп-қарау кезінде міндетті түрде фотофиксациялау, өлшеулер жүргізу, қозғалыс жолдарын, кіреберіс топтарын, қызмет көрсету аймақтарын, санитариялық-тұрмыстық үй-жайларды, автотұрақ орындарын, объектідегі ақпарат және телекоммуникация құралдарын қарап шығу талап етіледі. Сандық көрсеткіші бар сәйкессіздік анықталған жағдайда бағалау парағында нақты және нормативтік көрсеткіштер көрсетіледі. Бағалау кезінде нәтижелердің анықтығын қамтамасыз ететін өлшеу және фотофиксациялау құралдары пайдаланылады.
Қорытынды дайындау және шешім қабылдау
Бұзушылықтар анықталған жағдайда декларацияны келісуден бас тарту туралы қорытынды дайындалады.
Келісуден бас тарту туралы қорытындыда мыналар көрсетіледі:
1) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде анықталған нақты бұзушылықтар;
2) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келмейтін объект элементтері;
3) бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдар.
Декларацияны келісу туралы қорытындыны немесе келісуден бас тарту туралы қорытындыны аумақтық департаменттің басшысы не оның міндетін атқарушы адам қабылдайды.
Келісуден бас тарту туралы қорытынды шығаруға мыналар негіз болады:
1) объектінің халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келмеуі;
2) анық емес мәліметтердің ұсынылуы;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында, қолданылатын мемлекеттік нормативтерде және бекітілген жобалау құжаттамасында көзделген, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ететін міндетті іс-шаралар мен элементтердің болмауы;
4) қажетті құжаттардың ұсынылмауы.
Халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының объектінің оларға арналған аймақтарына қауіпсіз әрі кедергісіз қол жеткізу мүмкіндігіне әсер етпейтін сәйкессіздіктер анықталған жағдайда декларацияны келісуден бас тартуға жол берілмейді.
Анықталған бұзушылықтар жойылғаннан кейін өтініш беруші сәйкестік туралы декларацияны келісу үшін аумақтық департаментке қайта жүгінуге құқылы. Қайта қарау кезінде бас тартуға негіз болған бұрын анықталған бұзушылықтардың жойылғаны тексеріледі.
Қарау нәтижелері
Қарау қорытындысы бойынша өтініш берушіге мыналар жолданады:
1) келісілген сәйкестік туралы декларация;
2) келісуден бас тарту туралы қорытынды.