БҚО-да «Еңбек жолы» байқауының өңірлік жеңімпаздары марапатталды
«Атамекен» өнер ордасында «Еңбек жолы» республикалық байқауының облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Еңбек күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі іс-шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, еңбек әулеттері, жұмысшы мамандар, жастар қатысты.
Биыл байқаудың облыстық кезеңіне 34 үміткер қатысты. Атап айтқанда, «Үздік еңбек әулеті» аталымында 7, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында 12, «Өндірістің үздік жас маманы» аталымында 15 үміткер бақ сынады.
Конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес, атакәсіпке адалдық танытқан тасқалалық Мұқановтар әулеті «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша көш бастады. Әулетке бірнеше буын ұрпақ мал шаруашылығымен үзбей айналысып келеді.
№1 қалалық емхана қызметкері Ләззат Наушанова «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша жеңіске жетті. Медицина саласындағы 30 жылға жуық еңбек өтілінде ол 20-дан астам шәкірт тәрбиелеп, бағыт-бағдар берген.
«Орал құс фабрикасы» кәсіпорындарында слесарь-оператор болып жұмыс істейтін Дмитрий Нернов «Өндірістің үздік жас маманы» аталымы бойынша І орынға ие болды. Ол аға буын әріптестерінен тәлім-тәрбие алып, өзінің кәсібилігі мен жауапкершілігін таныта білді.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз салға жиналған еңбек адамдарының қоғамдағы рөліне тоқталып, олар аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің құттықтауын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қай кезеңде де елдің тірегі – еңбекқор азаматтар», - деп атап өткен болатын. Бүгінде еңбекқорлық, кәсібилік пен жауапкершілік «Адал азамат» қағидатының негізгі құндылықтарына айналып отыр. Елге қызмет етудің ең абзал жолы - адал еңбек ету, - деді Нұрділдә Ораз.
Салтанатты шарада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бір топ азамат, өңірлік кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері сый-құрметке бөленді.