Лицензиялау және қолжетімділікті қамтамасыз ету

Лицензиялау және қолжетімділікті қамтамасыз ету

Лицензиялау және қолжетімділікті қамтамасыз ету

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау енгізілді.

Лицензиялаудың негізгі мақсаты — әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, алушылардың құқықтарын қорғау және меншік нысанына қарамастан ұйымдарға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеу.

Лицензиялауға әртүрлі жағдайларда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар жатады, оның ішінде:

  • стационар жағдайында;
  • жартылай стационар жағдайында;
  • уақытша болу жағдайында;
  • үйде.

Лицензия алу үшін ұйым белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс.

Атап айтқанда, мыналар бағаланады:

  • тиісті материалдық-техникалық базаның болуы;
  • үй-жайлардың жай-күйі және белгіленген талаптарға сәйкестігі;
  • санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталуы;
  • білікті мамандардың болуы;
  • мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету талаптарының сақталуы.

Лицензиялау Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 230 бұйрығымен бекітілген «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Қолжетімділікті қамтамасыз ету

Маңызды талаптардың бірі — арнаулы әлеуметтік қызметтер алушылар үшін қолжетімді және қауіпсіз орта құру.

Ұйымдар мүгедектігі бар адамдар мен халықтың басқа да жүріп-тұруы шектеулі топтарының объектілер мен үй-жайларға кедергісіз қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.

Бұл адамның қажеттіліктерін ескере отырып, қажетті жағдайлар жасауды, оның ішінде үй-жайлардың, тиісті инфрақұрылымның қолжетімділігін және қауіпсіз болу жағдайларын қамтамасыз етуді қамтиды.

Осылайша, қолжетімділік — бұл қызметтің болуы ғана емес, адамның оны іс жүзінде және қауіпсіз түрде алу мүмкіндігі.