Мүгедектік бойынша жәрдемақы кімдерге тағайындалады?

Жарияланған күні: 22 қазан 2026

Мүгедектік бойынша жәрдемақы кімдерге тағайындалады? Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе мүгедектігі бар адамдарға әртүрлі төлем түрлерін ұсынуды көздейді. Азаматтардың жағдайына байланысты оларға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төленетін төлемдер тағайындалуы мүмкін. Мүгедектік тобы белгіленген жағдайда, азаматтарға мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мүгедектік белгіленген күннен бастап тағайындалады, бірақ өтініш берілген күнге дейінгі, үш айдан аспайтын мерзім үшін төленеді. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері белгіленген мүгедектік тобына байланысты айқындалады. Бүгінгі күні жалпы аурудан, еңбек жарақатынан, кәсіптік аурудан мүгедектік белгіленген кезде төленетін жәрдемақы мөлшері: І топ - 111 873 теңге (жүз он бір мың, сегіз жүз жетпіз үш теңге), ІІ топ - 89 498 теңге, ІІІ топ - 61 022 теңге құрайды. Мүгедектігі бар балаларға арналған жәрдемақы мөлшелері: - 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға - 81 871 теңге; - 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және бала кезінен мүгедектігі бар адамдар үшін жәрдемақы мөлшері: І топ - 111 873 теңге (жүз он бір мың, сегіз жүз жетпіз үш теңге), ІІ топ - 93 058 теңге, ІІІ топ - 81 871 теңгені құрайды. І топтағы мүгедектігі бар адамға және 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын адамдар үшін жеке қолдау шарасы қарастырылған. Көзделген төлемдерді бірнеше ыңғайлы тәсілмен рәсімдеуге болады: - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына; - eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы; - немесе проактивті форматта. Проактивті тағайындау кезінде мүгедектік белгіленгеннен кейін азаматқа жәрдемақыны рәсімдеу туралы ұсынысы бар SMS келеді. Мұндай жағдайда келісіміңізді жауап ретінде хабарлама жіберу арқылы растау жеткілікті, бұл ретте қажетті мәліметтерді жүйе мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады. Сондықтан, жеке жүгіну және көптеген құжаттарды ұсыну біртіндеп қысқаруда.