Жоғалған еңбек өтілі: жұмыс туралы мәлімет жоқ болса, не істеу керек?

Жарияланған күні: 19 қазан 2026

Адам өмір бойы жұмыс істеген, ал зейнетке шығар кезде еңбек өтілін растау керек болғанда- жұмыс туралы жазба да, растайтын құжаттар да мүлдем жоқ. Кәсіпорын жабылып қалған, еңбек кітапша жоғалған.

 Әлеуметтік кодекске сәйкес еңбек өтілі еңбек кiтапшасымен расталады, ал еңбек кітапшасы немесе онда тиiстi жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәлiметтердi растайтын құжаттар не соттың шешiмi негізінде белгіленеді.

Не істеу керек? Ең алдымен, кәсіпорныңыз қай жерде болғанын еске түсіріңіз және аудандық немесе облыстық мемлекеттік архивке хабарласыңыз.

 Кәсіпорын, ұйым, совхоздар жойылған кезде құжаттар сол жерге тапсырылуы керек. Өтініш жазып, ұйымның нақты атауын және жұмыс істеген жылдарыңызды көрсетіңіз. 

Егерде құжаттарды архивте табу мүмкін болмаса, еңбек жасаған жылдарды сот арқылы анықтау керек. Бұл жерде еңбек өтіліңізді Сізбен бірге бір уақытта және бір жерде жұмыс істеген куәгерлер арқылы растауға болады. Куәгерлердің өздерінде сол жерде жұмыс істегенін дәлелдейтін құжаттары болуы керек.

 Сот куәгерлердің сөзін тыңдап, шешім шығарады. Осы шешіммен зейнетақыны қайта есептеу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша Мемлекеттік корпорацияға жүгінуіңіз қажет.

Созбаңыз. Құжаттарды зейнетке шығудан бір-екі жыл бұрын іздей бастаңыз.