ТЖМ басшысы жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары туралы баяндады
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Үкімет отырысында жылыту кезеңінен өту және жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары мәселелері бойынша сөз сөйледі.
Министрдің айтуынша, өткен жылғы талдау көрсеткендей, жылы беру кезеңінде өрттердің 55 %-дан астамы тұрғын үй секторында, атап айтқанда, жеке тұрғын үйлерде орын алады. Өрттердің негізгі себептері – электр құралдарын (39,2%), пешпен жылыту жүйелерін орнату және пайдалану ережелерінің бұзылуы (29,6%), сондай-ақ отты абайсыз қолдану (11,5%) болып табылады.
ТЖМ профилактикалық іс-шаралар кешенін жүзеге асырады. Бірінші кезекте, тұрғын үй секторында қауіп-қатердің алдын алуға бағдарланған профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Мұнда қамтылған үйлердің санына емес, өрт шығу қаупінің деңгейіне қарай жұмыстар ұйымдастырылады. Жаппай аралап қараудан ерекшелігі, өрт шығу ықтималдығы мен оның ауыр салдары айрықша назар аударуды талап ететін әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың отбасыларына арнайы бару жүзеге асырылады.
Бүгінде осы санаттағы 93 мыңнан астам тұрғын үй есепке алынды. Ағымдағы жылғы тамыз айынан бастап жылу беру кезеңіне дайындық аясында пешпен жылыту жүйелері мен электр жабдықтарын тексеру арқылы үйлерді аралау жұмыстары жүргізілуде.
Анықталған жекелеген кемшіліктер сол бойда жойылады. Түтін мұржаларын тазарту (6 148), пештер (3 189) мен электрмен жабдықтау жүйелерін (3 439) жөндеу жүргізіліп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі қағидалары түсіндірілуде.
Әлеуметтік көмек көрсету аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, үйлерге өрт датчиктері орнатылуда. Тек тамыз айынан бері 13 мыңнан астам датчик орнатылды.
Былтырдан бері жеке тұрғын үйлерді автономды түтін өрт хабарлағыштарымен жабдықтау міндетті талап ретінде енгізілгенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлерде өрт туралы сигналды өрт бекетіне немесе мобильді телефонға жеткізетін адрестік өрт дабылы жүйесін орнату көзделген.
«Азаматтық қорғау туралы» заңда қабат саны жоғары тұрғын үйлер мен адамдар жаппай жиналатын объектілерді пайдалануға қабылдау жөніндегі құзырет бекітілген. Жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануы құрылыс объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуге мүмкіндік берді. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар ықтимал қауіп-қатерді азайтуға және тұрғын үй қорының өрт қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Осыған байланысты зейнеткерлердің тұрғылықты жеріндегі
өрт қауіпсіздігін анықтауға және жоюға бағытталған «Ата-анаңның үйін тексер» арнайы акциясы басталды.
Әкімдіктермен және волонтерлермен бірлесіп, олардың тұрғын үйлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атаулы көмек көрсетілуде. Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында жедел желі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар профилактикалық жұмысты кезең-кезеңмен цифрландыру жүргізілуде. Тұрғын үй секторындағы профилактиканың тиімділігін арттыруға бағытталған «Тұмар 112» мобильді қосымшасы әзірленді. Қосымша тұрғын үй секторын аралау жұмыстарын электрондық есепке алуға, фотофиксация және геолокация арқылы өрт қауіпін тіркеуге, сондай-ақ бірыңғай деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жинақталған ақпарат ең осал тұрғын үйлерді анықтауға, тіркелген бұзушылықтардың жойылуын бақылауға және өрт туралы хабарламалар түскен кезде жедел шешім қабылдау үшін кезекші қызметтерді өзекті мәліметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осылайша профилактикалық жұмысты және жедел ден қою шараларын біріктіретін бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастырылуда. Қазіргі уақытта жоба Абай облысында пилоттық режимде іске қосылды. Сынақ нәтижелері бойынша оны өңірлерде одан әрі енгізу жоспарлануда.
Балаларды төтенше жағдайлар кезіндегі өзін қауіпсіз ұстау дағдыларына және алғашқы медициналық көмек көрсете білуді үйретуге ерекше назар аударылуда. Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, тұрақты негізде ашық сабақтар, нұсқаулықтар және практикалық оқу-жаттығулар өткізіледі. «Жас құтқарушылар мен өрт сөндірушілер» балалар үйірмелері белсенді дамып келеді. Бүгінде республика бойынша олардың саны 2,5 мыңға жетті.
Төтенше жағдайларға жедел ден қою деңгейін арттыру аясында Министрліктің бөлімшелерінің инфрақұрылымды дамыту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасуда. Биыл республика бойынша 19 өрт сөндіру депосы ашылды. Оның 7-еуі өрт сөндіру және медициналық қызметтердің қатар жұмыс істеуін көздейтін әмбебап деполар.
160-тан астам өрт сөндіру техникасын, шамамен 1,5 мың бірлік жабдық және 2 мыңнан астам жауынгерлік киім-кешек сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде шалғай ауылдық елді мекендерді қорғауға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Бүгінде республика бойынша 312 өрт сөндіру пункті жұмыс істейді, олардың қызмет көрсету радиусымен 978 елді мекен қамтылған.
Жылу беру кезеңіндегі негізгі күш-жігеріміз тұрғын үй секторына және оның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
11
10 қараша 2026 11:18
10 қараша 2026