Медициналық қызметтерді стандарттау

Медициналық қызметтерді стандарттау

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес

Денсаулық сақтау саласындағы стандарттау – стандарттарды, талаптарды, нормаларды, нұсқаулықтарды, қағидаларды әзірлеу, ендіру және олардың сақталуын қамтамасыз ету арқылы денсаулық сақтау процестерінің, технологиялары мен көрсетілетін қызметтерінің сипаттамаларын ретке келтірудің оңтайлы дәрежесіне қол жеткізуге бағытталған қызмет.

Денсаулық сақтау саласындағы стандарт – медициналық, фармацевтикалық қызмет, денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет, цифрлық денсаулық сақтау аясында денсаулық сақтау саласындағы стандарттауды қамтамасыз ету үшін қағидаларды, жалпы қағидаттар мен сипаттамаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт.

Клиникалық хаттама – пациенттің белгілі бір ауруы немесе жай-күйі кезіндегі профилактика, диагностика, емдеу, медициналық оңалту және паллиативтік медициналық көмек бойынша ғылыми дәлелденген ұсынымдар.

15-бап. Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссия

  1. Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссия стандарттауды, клиникалық хаттамаларды, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін бақылау жүйесінің стандарттарын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдау, сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодекстің 25-бабына сәйкес субъектілерді аккредиттеу мақсатында құрылады.
  2. Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссия мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдерінен қалыптастырылады.
  3. Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияны қалыптастыру тәртібін және оның қызметі туралы ережені уәкілетті орган айқындайды.

138-бап. Медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарын әзірлеуге қойылатын талаптар

  1. Медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру процестеріне қойылатын талаптар мен қағидаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт.
  2. Медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты аурулардың (қызметтердің) бейіндері бойынша әзірленеді және мынадай талаптарды:

1) жалпы ережелерді;

2) медициналық көмек көрсететін ұйымдардың құрылымын;

3) медициналық көмек көрсететін ұйымдар қызметінің негізгі міндеттері мен бағыттарын;

4) медициналық көмек көрсету деңгейлері, түрлері, нысандары мен жағдайлары бөлінісінде оны көрсету тәртібін;

5) қызметкерлердің ұсынылатын штатын;

6) медициналық бұйымдармен ұсынылатын жарақтандыруды;

7) ауру (қызмет) бейінінің ерекшеліктерін ескере отырып өзгелерді қамтиды.

  1. Медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.