Жиі қойылатын сұрақтар

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 283 бұйрығымен бекітілген Қағидаларға, сондай-ақ 2026 жылғы 26 мамырдағы № 194 бұйрықпен енгізілген өзгерістерге сәйкес, санаторий-курорттық емделу мүгедектігі бар адамның абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасына (АОЖБ) сәйкес ұсынылады.

Мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға санаторий-курорттық емделу абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасында (АОЖБ) көрсетілген ұсынымдарға сәйкес ұсынылады.

Санаторий-курорттық емделу медициналық оңалту шараларының бірі болып табылады және медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып ұсынылады.

Санаторий-курорттық емделуге кімнің құқығы бар

Мемлекеттік әлеуметтік қорғау жүйесі шеңберінде санаторий-курорттық емделуге:

·мүгедектігі бар адамдар;

·мүгедектігі бар балаларқұқылы.

Санаторий-курорттық емделу мүгедектігі бар адамның абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасында тиісті іс-шара болған жағдайда және медициналық қарсы көрсетілімдерді ескере отырып ұсынылады.

Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек жарақатын алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға санаторий-курорттық емделуге жұмсалған шығыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс беруші өтейді.

Қызметті алу тәртібі

Санаторий-курорттық емделумен қамтамасыз ету үшін құжаттарды рәсімдеу мақсатында азамат немесе оның заңды өкілі тұрғылықты жері бойынша жүгінеді.

2026 жылғы 12 шілдеден бастап мемлекеттік қызметті рәсімдеу веб-портал арқылы, сондай-ақ «Е-Собес» автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы проактивті форматта жүзеге асырылады.

Қызмет проактивті түрде көрсетілген кезде азаматқа SMS-хабарлама жіберіледі. Қызметті көрсетуге келісім алынғаннан кейін қажетті мәліметтер ақпараттық жүйелерден автоматты түрде сұратылады.

Өтініштер АЦЖ «Е-Собес» электрондық кезек журналына келіп түсу тәртібімен тіркеледі.

Санаторий-курорттық ұйымды таңдау

Санаторий-курорттық емделу Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы немесе мемлекеттік сатып алу тәсілімен ұсынылады.

Өтініш тіркелгеннен кейін абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасы туралы мәліметтер кезектілік тәртібімен Әлеуметтік қызметтер порталына жіберіледі.

Азаматқа Әлеуметтік қызметтер порталына авторизациядан өтіп, өнім берушіні таңдау қажеттілігі туралы SMS-хабарлама жіберіледі.

Өтініш беруші авторизациядан өткеннен кейін Порталда ұсынылған өнім берушілердің арасынан санаторий-курорттық ұйымды өз бетінше таңдайды, қызмет көрсетуге тапсырысты рәсімдейді және қажетті құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды.

Қызмет көрсету мерзімі

Санаторий-курорттық емделу күнтізбелік жыл ішінде бір реттен артық емес және ұзақтығы 14 тәуліктен аспайтын мерзімге ұсынылады.

Санаторий-курорттық емделу орнына бару және кері қайту жол жүру шығыстарын мүгедектігі бар адамның өзі төлейді.

Мүгедектігі бар баланы сүйемелдеу

Мүгедектігі бар баланы санаторий-курорттық емделуге алып баратын заңды өкілдерінің бірінің санаторий-курорттық ұйымда болу құнын жергілікті атқарушы органның өтеуіне құқығы бар.

Өтеу мөлшері санаторий-курорттық емделу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдендірілген соманың 70 пайызын құрайды.

Сүйемелдеуші адам болған жағдайда мүгедектігі бар баланың санаторий-курорттық ұйымға келуі және одан шығуы тек сүйемелдеуші адамның қатысуымен жүзеге асырылады.

Медициналық талаптар

Санаторий-курорттық емделу медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып жүзеге асырылады.

Санаторий-курорттық емделуге қажеттілікті бағалау емделу алдында тікелей санаторий-курорттық картаны рәсімдеу кезінде жүргізіледі.

Медициналық қарсы көрсетілімдерге, атап айтқанда, аурудың жіті кезеңіндегі немесе асқыну кезеңіндегі жағдайлар, оқшаулау мерзімі аяқталғанға дейінгі инфекциялық аурулар, стационарлық емдеуді қажет ететін кейбір аурулар, сондай-ақ медициналық талаптарда белгіленген өзге де жағдайлар жатады.

Жауапты мемлекеттік орган:

«Қарасай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі.