Халық қатысатын бюджет

Жоба туралы

«Халық қатысатын бюджет» пилоттық жобасын Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы Алматы қаласының әкімдігі жүзеге асырды. Қала бюджетін неге бағыттау керектігін қалалықтар ашық талқылап, дауыс беру арқылы анықтады. Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сарапшылар, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ өкілдері азаматтардың бастамаларына өз бағасын берді.

Жобаның мақсаты – азаматтардың бастамалары мен ұсыныстары негізінде Алматы аудандарының аумақтарын дамыту және абаттандыру.

 

Жүзеге асыру тәртібі

Жобалық ұсыныстар budget.open-almaty.kz порталы арқылы қабылданады. Ол үшін өтінімді (жобалық ұсыныстың атауы, оның сипаттамасы, нысанның мекен-жайы) толтырып, жобалық ұсыныстың нобайы мен сметасын (болжалды болуы мүмкін) міндетті түрде қоса беру керек.

Бір жобаның ең жоғарғы құны 20 мың АЕК-тен аспауы керек.

Жобалық ұсыныстар келесі критерийлерге сәйкес болуы керек:

  • бір автор – бір өтінім – бір нысан;
  • қолжетімділік шектеуі жоқ қоғамдық нысан;
  • нысан іске асырылуы жоспарланған аудан аумағында, жалпыға қолжетімді жерде орналасуы керек;
  • әкімдіктің құзыретінде болуы және т.б.

 

Келесі жобалық ұсыныстар қаралуға қабылданбайды:

  • құрылыс-монтаждау жұмыстарынсыз тек жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге арналған;
  • болашақта қосымша элементтерді жүзеге асыруды талап ететін;
  • Алматы қаласының даму бағдарламасына, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін;
  • коммерциялық сипаттағы және т.б.

 

Алматыда тұрақты тұратын тұрғындар ғана таңдау жасап, ұнатқан жобаларына дауыс бере алады. Ыңғайлы болу үшін онлайн және аудан әкімдіктеріне немесе Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық қабылдауы Open Almaty фронт-офисіне (Абай даңғылы, 90) жеке бару арқылы қағаз түрінде дауыс беру қолжетімді.

Онлайн дауыс беру үшін қажет:

  • open-almaty.kz порталындағы «Дауыс беру» бөліміне өту;
  • ең көбі 3 (үш) ұнаған жоба ұсыныстарын таңдау;
  • дауыс беруді растаудың ең қолайлы әдісін анықтау – ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS коды) арқылы.

 

Қағаз түрінде дауыс беру үшін қажет:

  • кез келген аудан әкімдігіне немесе Open Almaty фронт-офисына бару, өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек;
  • сол жерде берілген қағаз нысанын толтыру;
  • толтырылған нысанды дауыс беру жәшігіне тастау.

Жобаны іске асыруға рұқсат алу үшін Алматы қаласында тұрақты тұратын тұрғындардың 10 (оннан) астам дауысын алуы керек. Бір тұрғын тек 3 (үш) жобалық ұсынысқа дауыс бере алады.

Нәтижелер

2019 жылы 333 жобалық ұсыныс түсті. 8 ауданға бөлінген сома - 4 млрд теңге (әр ауданға 500 млн).

2020 жылы 795 жобалық ұсыныс түсті. 8 ауданға бөлінген сома 7,4 млрд (әр ауданға 800 млн). Қалаға қосылған аумақтарды дамыту мақсатында Алатау, Наурызбай аудандарына қосымша 500 млн теңгеден қарастырылды. Осылайша, аталған екі ауданның әрқайсысына бөлінген қаржының жалпы сомасы 1,3 млрд.теңгеден болды.

2021 жылы 934 жобалық ұсыныс түсті. 8 ауданға бөлінген сома 7,4 млрд теңге (әр ауданға 800 млн теңгеден, Алатау және Наурызбай аудандарына қосымша 500 млн теңгеден).

«Халық қатысатын бюджет» жобасы жыл сайын танымал бола түсуде: 2019 жылы жобаларға берілген дауыс саны 3 мыңды құрады; 2020 жылы – 28,6 мың дауыс; 2021 жылы - 84,4 мың дауыс.

 

2019-2022 жылдар аралығында 15,1 млрд теңгеге 542 жоба жүзеге асырылды:

  • 2020 ж. – 1,2 млрд теңгеге 49 жоба
  • 2021 ж. – 5,4 млрд теңгеге 256 жоба
  • 2022 ж. – 8,5 млрд.теңгеге 237 жоба