Алматыда күзгі көріктендіру және гүлзарларды қысқа дайындау жұмыстары басталды

Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы қала аумағында күзгі маусымдық жұмыстар басталғанын хабарлады. Қазір біржылдық гүлдерді — тагетис, цинерария, бегония және петунияны жинау жүргізілуде.
Қазір біржылдық гүлдердің гүлдеу кезеңі аяқталып, сәндік келбеті солғын тартқан, қыстың суығына төтеп бере алмайды. Олардың орнына гүлзарларға қызғалдақ пиязшықтары отырғызылып, көктемде қала көшелерін түрлі-түсті әсем гүлдерімен көмкермек.
Көпжылдық өсімдіктерді де қысқы кезеңге дайындау жұмыстары жүріп жатыр: өсімдіктің жер бетіне шығып тұрған сабағы кесіліп, қыстан аман шығуы үшін топырақпен жабылып, күтім жасалып жатыр.
2025 жылы Алматы қаласында сәндік-гүлді көгалдандыру аумағы 219 639 шаршы метрге жетпек. Оның ішінде 77 386 шаршы метрі (36%) — біржылдық гүлдер, ал 142 253 шаршы метрі (64%) — көпжылдық өсімдіктер, соның ішінде өткен жылдары егілген түрлері бар.