Алматы қаласы әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімі туралы ереже
Алматы қаласы әкімі
аппараты басшысының
2025 жылғы «___» ________
№___ бұйрығына
3 қосымша
Алматы қаласы әкімі
аппараты басшысының
2024 жылғы 18 маусымдағы
№ 5/б-к бұйрығына
8 қосымша
Алматы қаласы әкімі аппаратының
құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімі туралы
ереже
- Жалпы ережелер
- Алматы қаласы әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімі (бұдан әрі - Бөлім) Алматы қаласы әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
- Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Алматы қаласы әкімдігінің қаулыларын, Алматы қаласы әкімінің шешімдері мен өкімдерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
- Бөлімнің құрылымын, штаттық санын Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы бекітеді.
- Бөлімнің міндеттері, құқықтары мен міндеттері
- Міндеті:
1) Алматы қаласы әкімінің және әкімі аппаратының қызметін құжаттамалық қамтамасыз ету, Алматы қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің іс жүргізуді ұйымдастыру және жетілдіру жөніндегі жұмысын үйлестіру;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Мемлекеттік хатшының, Президент Әкімшілігі басшылығының, Үкіметтің, Үкімет Аппараты Басшысының, Алматы қаласы әкімінің актілері мен тапсырмаларының уақтылы орындалуын бақылау;
3) Алматы қаласы әкімі мен әкім аппаратының қызметін құжаттамалық қамтамасыз етуді цифрландыру және автоматтандыру процесіне қатысу, құжаттардың орындалуын бақылау;
4) Алматы қаласы әкімі мен әкімдігінің құқықтық актілерінің (бұдан әрі - әкім және әкімдік актілері), аппарат басшысының негізгі қызметі бойынша бұйрықтарының бақылау даналарының базасын қалыптастыру және жүргізу, әкім мен әкімдік актілерінің сақталуын қамтамасыз ету, ведомстволық архивті жүргізу;
5) Алматы қаласы әкімінің хаттамалық тапсырмаларын қалыптастыру және олардың уақтылы орындалуын бақылау;
6) Алматы қаласы әкімдігінің халықаралық қызметін ақпараттық-талдау және ұйымдастыру-хаттамалық қамтамасыз ету, әкім аппаратының бөлімдері мен Алматы қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері ұсынған мемлекеттік тілдегі мәтін мен материалдарға сараптама жүргізу.
- Құқықтары мен міндеттері:
1) қаланың мемлекеттік басқару органдарынан және басқа да ұйымдарынан алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін қажетті ақпаратты белгіленген тәртіпте сұрату және алу;
2) Алматы қаласы әкімінің қарауына бөлімнің құзыретіне жататын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізу;
3) Алматы қаласы әкімі мен әкімдігінің актілерін әзірлеуге қатысу;
4) қала әкімі, аппарат басшысы өткізетін мәжілістерге, қала әкімдігінің отырыстарына, қала әкіміне тікелей бағынатын департаменттердің, басқармалардың алқаларына, жергілікті атқарушы органдар, аудандар әкімдері өткізетін іс-шараларға қатысу;
5) бөлімнің құзыретіне жататын мәселелер бойынша басқармалармен және Алматы қаласы әкімі аппаратының бөлімдерімен, жергілікті өкілді және атқарушы органдармен, қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
6) өз құзыреті шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, петицияларын қарау және олар бойынша жауаптар дайындау.
6.Функциялары:
1) басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету жүйесін ұйымдастыруды, жүргізуді және жетілдіруді қамтамасыз ету, құжаттармен, оның ішінде «Қызмет бабында пайдалану үшін» таратылуы шектеулі қызметтік ақпараттың мәліметтерін қамтитын құжаттармен жұмыстың белгіленген тәртібінің сақталуын бақылау;
2) Алматы қаласы әкімдігінің аппаратында және құрылымдық бөлімшелерінде құжаттауды ұйымдастыруды, құжаттаманы басқаруды жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізу;
3) бөлімнің құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
4) орындау мерзімдеріне ішкі бақылауды жүзеге асыру;
5) орындаушылардың Қазақстан Республикасы заңнамасының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының құжаттармен жұмыс жасау жөніндегі талаптарын сақтауын бақылау;
6) орындаушылық тәртіпке талдау жасау, басшылықты оның нәтижелері туралы хабардар ету;
7) анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша жедел шаралардың орындалуын және қабылдануын бақылауды ұйымдастыру мәселелері бойынша жұмыс орнында практикалық көмек көрсету;
8) әкім аппаратында электрондық құжат айналымы және орындалуын бақылау тәртібін қамтамасыз ету және оны Алматы қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінде үйлестіру;
9) құжаттардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру бойынша міндеттерді қоюға, ақпараттық технологияларды әзірлеуге, жобалауға және енгізуге қатысу;
10) қала әкімі аппаратының бөлімдеріне, аудандар әкімдерінің аппараттарына және қала басқармаларына құжаттау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін қолдану мәселелері бойынша ақпараттық-әдістемелік көмек көрсету;
11) әкім мен әкімдік актілерінің нормативтік құқықтық базасын, оның ішінде мемлекеттік органдардың интранет-порталы арқылы жүргізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
12) құжаттаудың техникалық нормаларын сақтау, стилистикалық және грамматикалық нормаларды сақтау, тиісті келісімдердің болуы тұрғысынан әкім және әкімдік актілерінің, аппарат басшысының негізгі қызметі бойынша бұйрықтарының жобаларына талдау жүргізу;
13) жобаларды дайындау процесінде құрылымдық бөлімшелермен өзара іс–қимыл жасау, оның ішінде құзыреті шегінде әкім және әкімдік актілерінің жобаларын әзірлеуші органдарға әдістемелік және практикалық көмек көрсету;
14) әкімнің және әкімдіктің нормативтік құқықтық актілерін белгіленген тәртіпте орындауға уақтылы жіберу, баспа басылымында жариялау, интернет-ресурста орналастыру үшін мемлекеттік органдардың интранет-порталы арқылы әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге жіберу;
15) қабылданған құқықтық актілер туралы статистикалық мәліметтердің мониторингін жүргізу, оның нәтижелері туралы Алматы қаласы әкімі аппаратының басшылығына хабарлау;
16) Алматы қаласы әкімі аппаратының ведомстволық архивінің құжаттарын сақтауды, жинақтауды және пайдалануды ұйымдастыру;
17) Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивімен әкімнің және әкімдіктің актілерін, Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша аппарат басшысының бұйрықтарын мемлекеттік сақтау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;
18) Алматы қаласы әкімінің хаттамалық тапсырмаларының жобаларын (бұдан әрі – Хаттамалық тапсырмалар) қалыптастыру, оларды келісу, қол қою рәсімдерін жүргізу;
19) Хаттамалық тапсырмаларды есепке алу жүйесіне енгізу;
20)Хаттамалық тапсырмалардың орындалу мерзімдерін, орындаушылардың орындалғаны туралы мәліметтерді есепке алу жүйесіне енгізуін бақылауды жүзеге асыру;
21) Хаттамалық тапсырмалар бойынша орындаушылық тәртіпке талдау жүргізу және оның нәтижелері туралы басшылықты хабардар ету;
22) әкім аппаратының бөлімдері мен Алматы қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері ұсынған мәтін мен материалдарға (хаттарға, өтініштерге) сараптама жүргізу;
23) әкім аппаратының бөлімдері мен Алматы қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері ұсынған нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргізу;
24) қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелеріне мемлекеттік тілде іс жүргізуде кеңес беру және әдістемелік көмек көрсету.
- Бөлімнің қызметін ұйымдастыру
- Бөлімінің заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өз міндеттерін іске асыру үшін қажетті құқықтары мен міндеттері болады.
- Бөлімді Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметке тағайындайтын және қызметінен босататын бөлім басшысы басқарады.
- Бөлім басшысы Бөлім қызметін жалпы басқаруды жүзеге асырады, оған жүктелген міндеттердің орындалуына және өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
- Бөлім басшысы әкім аппаратының басшысына Бөлімнің құрылымы мен штат саны бойынша ұсыныстар береді.
- Бөлім басшысы уақытша болмаған кезеңде оның міндеттерін бөлімнің бас инспекторы атқарады.
- Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Бөлім атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Бөлім басшысы, ал болмаған жағдайда оны алмастыратын тұлға қол қояды.
27