Сот сараптамасы

Сот сараптамасы – шешілуі үшін маңызы бар нақты деректерді анықтау мақсатында арнайы ғылыми білім негізінде жүргізілетін қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істің не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің материалдарын зерттеу.

Сот-сараптама қызметінің міндеті әкімшілік сот ісін жүргізуді, қылмыстық, азаматтық істер бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді сот сараптамасының нәтижелерімен қамтамасыз ету болып табылады.

Сот-сараптамалық қызмет заңдылық, адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау, сот сарапшысының тәуелсіздігін қамтамасыз ету, зерттеулердің жан-жақтылығын, толықтығын, объективтілігін және ғылыми негізділігін, ғылыми-техникалық құралдарды, әдістер мен әдістемелерді пайдалануға жол берушілік, сондай-ақ кәсіби әдеп нормаларын қатаң сақтау принциптері бойынша жүзеге асырылады.

Сот-сараптамасын жүргізу сот-сараптамасы органдарының қызметкерлеріне және лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғаларға тапсырылуы мүмкін.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы сот-сараптама жүйесінің мемлекеттік секторын «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Соттық сараптамалар орталығы» РМҚК-мен (бұдан әрі – Орталық, сот сараптама органы) ұсынылған. Оның құрамында ірі қалалар мен барлық облыс орталықтарында орналасқан 20 сот сараптама институты жұмыс істейді, онда 2700-ге жуық қызметкер, соның ішінде 1100-ден астам жоғары білікті соттық сарапшылар еңбек етеді.

Орталықтың филиалдарында сараптамалық мамандықтардың
60 бағытын қамтитын 31 түр бойынша сот сараптамалар жүргізіледі.

Жеке секторды лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын және Республикалық сот сарапшылары палатасының (бұдан әрі – Палата) мүшелері болып табылатын жеке тұлғалар құрайды.

Жеке сот сарапшылары сараптамалық мамандықтардың 48 бағытын қамтитын 26 түр бойынша сот сараптамалар жүргізеді.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында сот сарапшылары туралы өзекті мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімі орналастырылған (https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/documents/details/236348).

Жарияланған күні

11 қараша 2019

Жаңарту күні

24 тамыз 2026

Жарияланымның авторы