Абай облысында 1500-ден астам жұмысшының еңбек құқығы қорғалды
Абай облысында 2025 жыл қорытындысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің жұмысы сараланды. Тексерулер мен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 1500-ден астам қызметкердің құқықтары қорғалып, 84 млн теңгеден астам жалақы қарызы өтелді.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Ерлан Ниятқабылов мәлімдеді.
Жыл ішінде департамент жеке және заңды тұлғалардан түскен 1 011 өтініш пен арызды қарады. Тұрғындар көбіне жалақыны төлемеу немесе толық төлемеу, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы, үстеме жұмыс уақытына ақы төлеу және заңсыз жұмыстан шығару мәселелері бойынша жүгінген.
Департамент жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде өтініштердің айтарлықтай бөлігі тараптар арасындағы медиация арқылы реттеліп, өтініш берушілердің өз өтініштері негізінде тоқтатылды, – деді спикер.
2025 жылы мемлекеттік инспекторлар 144 тексеру жүргізіп, оның нәтижесінде еңбек заңнамасының 850 бұзушылығы анықталды және 109 нұсқама берілді. Өрескел бұзушылықтар үшін 101 әкімшілік іс қозғалып, оның 95-і бойынша 14,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.