
ТМД Ветеринария саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңесінің 49-отырысы 2027 жылдың екінші жартысында Қазақстанда офлайн форматта өтеді. Бұндай шешім Минск қаласында өткен Кеңестің 48-отырысының қорытындысы нәтижесінде қабылданды.
Отырысқа ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ветеринариялық қызмет басшылары мен салалық ведомстволарының өкілдері, Еуразиялық экономикалық комиссияның, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) және ТМД Атқару комитетінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жануарлар арасында ауру таралмауы үшін қолайлы эпизоотиялық ахуалды сақтау, жануарлардың жұқпалы аурулары туралы ақпаратпен жедел алмасу, сондай-ақ аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша бірлескен шараларды іске асыру мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, биологиялық материалдар алмасу және ветеринария мамандарының біліктілігін арттыру мәселелері қаралды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Қазбек Тәшімов Қазақстандағы ветеринария саласын дамытудың негізгі бағыттарына тоқталып, оның ішінде саланы кең ауқымды цифрландыру және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына тоқталды.
«Қазақстан үшін эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығы мен ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – стратегиялық маңызы бар басым бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы трансшекаралық сипаттағы елеулі қауіп төндіретін 86 аса қауіпті ауруды айқындаған. Қазақстанның ұлттық тізіміне жануарлар мен құстардың 68 аса қауіпті ауруы енгізілген. Оның 45 түрі бойынша елімізде эпизоотиялық ахуал қолайлы деңгейде сақталып отыр», – деді ол.
Биыл ветеринариялық қызметті дамытуға және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 147,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат жануарларды вакцинациялау мен диагностикалауға, ауру ошақтарын жоюға, жануарларды бірдейлендіруге, сондай-ақ ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.
Сонымен қатар 2026–2030 жылдарға арналған Ветеринария саласын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Оған 322,4 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат көзделген. Жоспар ветеринариялық зертханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, саланы цифрландыру, ветеринариялық фармацевтиканы дамыту, кадрлық әлеуетті күшейту және отандық өнімнің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту сияқты сегіз негізгі бағытты қамтиды.
Отырыс соңында тараптар ветеринария саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңнамасын өзара үйлестірудің негізгі бағыттарын айқындады.
Ветеринария саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңестің келесі, 49-отырысы 2027 жылдың екінші жартысында Қазақстанда офлайн форматта өтеді.