
Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекция қызметкерлері мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлармен бірлесіп, ветеринария саласындағы заңнаманы бұзудың екі дерегін анықтап, жолын кесті.
Бірінші жағдайда Шешен Республикасынан Түркістан облысы мен Шымкент қаласына 88 тонна бидай кебегін әкелуге жол берілмеді.
Тексеру барысында ветеринариялық ілеспе құжаттар мен таңбалаудың жоқтығы, сондай-ақ өнімнің қажетті термиялық өңдеуден өтпегені анықталды.
Екінші жағдайда Беларусь Республикасының Минск облысынан Ташкент қаласына бағытталған 19 тонна сүйексіз сиыр еті мен ет жартылай фабрикаттарының транзиті тоқтатылды.
Қолайсыз эпизоотиялық жағдайға байланысты 2026 жылғы 24 ақпаннан бастап ҚР АШМ Ресей Федерациясының жекелеген облыстары арқылы тиісті өнімдерді әкелуге және транзиттеуге уақытша шектеулер енгізген.
Жалпы салмағы 107 тонна өнімнің барлығы жөнелтілген жерлеріне кері қайтарылды. Тасымалдаушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Сонымен қатар ЕАЭО-ның ветеринариялық-санитариялық талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жыл басынан бері «Сырым» бекетінде 230 заңбұзушылық анықталып, 230 автокөлік кері қайтарылды. Жалпы сомасы 8,9 млн теңгені құрайтын 100 әкімшілік хаттама толтырылды.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды белгіленген ветеринариялық-санитариялық талаптарды және ілеспе құжаттарды ресімдеу қағидаларын сақтауға шақырады.