Батыс Қазақстан облысының 7 елді мекенінде жаңа ветеринариялық нысандар ашылды

Батыс Қазақстан облысының 7 елді мекенінде жаңа ветеринариялық нысандар ашылды

Заманауи ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Батыс Қазақстан облысында ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, ветеринариялық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында өңірдің ауылдық елді мекендерінде ветеринариялық инфрақұрылымның жаңа нысандары пайдалануға берілді. Қабыршақты, Алғабас, Талдыапан, Қараоба және Нұрсай ауылдарында ветеринариялық пункттер жұмысын бастады. Сонымен қатар Талдыапан және Нұрсай ауылдарында ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес келетін мал қорымдары пайдалануға берілді.

Аталған жобалар 2026–2030 жылдарға арналған Ветеринарияны дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында іске асырылуда. Құжатта ветеринариялық қызмет инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту және жаңғырту, ветеринариялық қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау көзделген.

Ветеринариялық пункттердің тікелей ауылдық елді мекендерде орналасуы мал иелері үшін ветеринариялық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, профилактикалық және эпизоотияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізуге, сондай-ақ ветеринариялық қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Заманауи мал қорымдарын пайдалануға беру өлген жануарларды ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес қауіпсіз көмуге, жұқпалы аурулардың таралу қаупін төмендетуге және тиісті аумақтардағы биологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, соңғы екі жылда еліміз бойынша жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жалпы құны 10,6 млрд теңге болатын 626 ветеринариялық инфрақұрылым нысаны салынды және сатып алынды.

2026–2027 жылдары республикалық бюджет қаражаты есебінен ветеринариялық инфрақұрылымның тағы 2 399 нысанын салу жоспарланып отыр.

Биыл салалық инфрақұрылымды дамытуға 36,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат 1 298 нысанды салуға арналады.

Ветеринариялық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту ауылдық елді мекендерді қажетті ветеринариялық нысандармен қамтамасыз етуге, мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар үшін ветеринариялық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу шараларын күшейтуге жол ашады.

Қабылданып жатқан шаралар ветеринариялық-санитариялық және эпизоотиялық саламаттылықты одан әрі нығайтып, мемлекеттік ветеринариялық бақылау жүйесінің тиімділігін арттыра отырып, елімізде мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін қажетті жағдайлар жасайды.