
Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен «Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы» республикалық форумы өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген ауыл әкімдері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар мүшелері қатысты.
Форумда ауылдық аумақтарды дамыту, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру және мемлекеттік басқаруды нығайту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін нақтылау және күшейту қажеттігін атап өтті. Президенттің айтуынша, жергілікті биліктің дербестігін арттыру — ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді.
«Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту керек. Бірақ оны халыққа нақты пайдасын тигізетіндей етіп жүзеге асыру қажет. Соңғы жылдары жергілікті билік кезең-кезеңімен қосымша өкілеттікке ие болып келеді. Бұл — менің нақты ұстанымым. Өйткені ауыл әкімдері елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешумен айналысады», — деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Мәжілісте қаралып жатқан «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға енгізілетін түзетулердің маңыздылығына тоқталып, атқарушы органдардың құзыретін жүйелеу қажеттігін атап өтті.
Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірге бір ай ішінде әкімдердің құзыретіне жатпайтын, қайталанатын немесе жетіспейтін өкілеттіктерді анықтау мақсатында кешенді талдау жүргізу тапсырылды.
Аталған форумға Кентау қаласынан төрт ауыл әкімі қатысты. Делегацияға Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы Бауыржан Әбенұлы жетекшілік етті. Форум барысында кентаулық ауыл әкімдері ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру, жергілікті өзін-өзі басқару құралдарын тиімді пайдалану мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форумға қатысушылар Мемлекет басшысының ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейтуге қатысты бастамаларын толық қолдайтындарын білдірді. Бұл қадам ауылдық аймақтардың дамуына тың серпін беріп, жергілікті басқару сапасын жақсартуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.