КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Кентау қаласында 70 жылдық мерейтойына арналған мерекелік гала-концерт салтанатты түрде өтті.

Кештің тізгінін белгілі жүргізушілер – Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек ұстап, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сахна төрінен сөз сөйлеп, барша жұртшылықты мерекемен құттықтаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев және Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов туған қаланың жетістіктерін атап өтіп, тұрғындарға алғыстарын жеткізді.

Мерекелік кеште Қазақстанның танымал эстрада жұлдыздары Садраддин, Тұрар Ыдырыс және BAXA өздерінің сүйікті әндерін орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен бірге қала өнерпаздары да сахнаға шығып, әсем би мен жүрекке жеткен әндерін тарту етті.

Кеш соңында аспан отшашумен көмкеріліп, «Кентауым – керім қала» әні шырқалды. Арнайы дайындалған DJ SHAMIL-дің музыкалық шоуы қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады.

Айта кетейік, бұл мерекелік шараны 15 мыңнан астам тұрғын тамашалап, Кентаудың 70 жылдық мерейтойына ортақтасып, ерекше әсер алды.