Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойы аясындағы ең үлкен әрі көпшілік күткен мерекелік шара «Ынтымақ» алаңында кең көлемде аталып өтті. Алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары ерекше мерекелік көңіл күйге бөленіп, Кентаудың тарихы мен бүгінгі дамуын айшықтайтын тағылымды шаралардың куәсі болды.
Мерекелік күн қолөнершілердің бұйымдарынан құралған көрмемен басталды. Сондай-ақ қала тұрғындары азық-түлік жәрмеңкесінен тиімді бағамен өнім алып, оқушылардың робототехника саласында жасаған жаңашыл туындыларын қызыға тамашалады. Бұл көрме жас ұрпақтың ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған ерекше үлгі болды.
Салтанатты іс-шара Кентаудың өткен тарихын, өркендеу кезеңдерін, кеншілердің ерен еңбегін бейнелейтін театрландырылған қойылыммен ашылды. Онда кеншілердің еңбегі, қаланың қалыптасу жолдары мен жеткен жетістіктері көрініс тапты.
Жиналған жұртшылықты облыс әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Өз сөзінде Зұлпыхар Жолдасов:«Кентау – тарихы терең, болмысы ерекше, еліміздің өндірістік орталықтарының бірі. Таукен саласындағы жерлестеріміздің еңбегі ел жадында мәңгі сақталады. Бүгінгі таңда Түркістан облысының орталығына іргелес жатқан Кентау жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, әлеуметтік салада, инфрақұрылым мен құрылыста, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Кентау – түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан ынтымақ пен бірліктің қаласы. Мерейлі мерекеде әрбір шаңыраққа шаттық, амандық пен береке тілеймін», – деп атап өтті.
Салтанатты шара барысында Кентаудың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға арнайы марапаттар табыс етілді. Бұл – қаланың өркендеуіне үлес қосқан еңбек адамдарын ұлықтаудың, жастарға өнеге етудің жарқын көрінісі болды.
70 жылдық тарихында Кентаудан елге еңбегі сіңген талай ардақты азаматтар шықты. Ақындар жырға қосқан, сазгерлер әнге арқау еткен қасиетті мекен бүгінде өз болмысын сақтап қана қоймай, жаңа заманға сай даму жолына түсіп отыр.
Мерекелік концертте Қазақстанның эстрада жұлдыздары сахна төріне шығып, қала тұрғындарына әсем әндер сыйлады. Жергілікті өнерпаздар да өз өнерлерін паш етіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әуе шарлары аспанға көтеріліп, тұрғындарға бауырсақ ұсынылды.
Кентаудың 70 жылдығына арналған салтанатты шара – қаланың өткенін дәріптеп, бүгінгі дамуын айшықтап, болашаққа сеніммен қадам басқанын көрсеткен тарихи оқиға болды.