КЕНТАУДА ҚАЛАНЫҢ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

КЕНТАУДА ҚАЛАНЫҢ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойы аясында «Кентау. Кеше, Бүгін, Ертең» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Іс-шара Шәмші Қалдаяқов атындағы қалалық мәдениет сарайында өтті.

Конференцияға қала әкімі Жандос Тасов, қоғам қайраткерлері, жазушылар мен ғалымдар, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері және белсенді жастар қатысты. Жиынның модераторы – филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі Сердәлі Бекжігіт болды.

Басқосуда техника ғылымдарының докторы, Халықаралық инженерлік академиясының және ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, «Ащысайтүстіметалл» комбинатының 1988–1991 жылдардағы директоры Марат Битімбаев, техника ғылымдарының кандидаты, Ащысай кенішінің бас инженері Мәдәлі Найманбаев, химия ғылымдарының кандидаты, доцент Жанәлі Дәрібаев баяндама жасап, Кентау қаласының және «Ащысайтүстіметалл» комбинатының тарихы мен кен байыту саласының маңызына тоқталды. Ал қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов қаланың қазіргі дамуы мен алдағы жоспарлары жөнінде ақпарат берді.

Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы конференция қатысушыларын мерекемен құттықтап, бірқатар азаматтарға мерейтойлық төсбелгі табыстады. Сондай-ақ жиын барысында Кентау қаласының 70 жылдығына арналған «Кентау. Кеше. Бүгін. Ертең» кітабының тұсаукесері өтті.

Кентау – XX ғасырдың ортасында Қаратау жотасының батыс бөлігінде іргесі қаланған өндірістік қала. Бүгінде Қазақстанның моноқалаларының бірі болып саналатын Кентау индустрия мен инновация тоғысқан мекенге айналды. Көпұлтты қала халқының бірлігі мен еңбексүйгіштігінің арқасында ол «Жасыл қала», «Таза қала», «Кіші Швейцария» деген атауларға ие болған.