Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойы аясында қаланың басты даңғылдарының бірінде жаңа сая жолы ашылды. Аталған сая жолы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, I, II, III дәрежелі «Кенші Даңқы» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Республикасының Құрметті кеншісі, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Кентау қаласының Құрметті азаматы Сақ Мәуленқұловтың есімімен аталды.
Салтанатты шараға Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, кенші ардагерлер, Сақ Мәуленқұлұлының туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ашық аспан астындағы жаңа сая жолы тұрғындар үшін жайлы демалыс орнына айналды. Мұнда таза ауада уақыт өткізуге мүмкіндік берілген.
Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы жиналғандарды қала күні мерекесімен құттықтап, Сақ Мәуленқұловтың өнегелі өмір жолы мен еңбегін ерекше атап өтті.
“Ағамыздың есімі – жерлестері үшін әрдайым мақтаныш. Қаланың қалыптасуына аға буын өкілдері қосқан үлес ел жадында мәңгі сақталады. Сақ Мәуленқұлов есімін қала даңғылына беру,өскелең ұрпаққа тағылымды өнеге”, – деді.
Шара барысында кенші ардагерлер Исахан Жұмабайұлы, Абибулла Куштаев, қоғам қайраткері, Кентау қаласын 1999-2001 жылдар аралығында басқарған Болат Жылқышиев сөз сөйлеп, Сақ Мәуленқұловтың еңбегін ұлықтау зор құрмет екенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Шара соңында жиынға қатысушылар жаңа сая жолымен танысып, естелік суреттерге түсті.