Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы елімізде кеңінен талқылануда. Аталған құжатта экономикалық өсім, әлеуметтік әділеттілік, инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл-аймақтардың өркендеуі, экология және білім беру салалары бойынша маңызды міндеттер айқындалған.
Осыған байланысты Кентау қаласы әкімдігінде қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, әкімдік аппаратының басшысы, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Кездесуде Мемлекет басшысы атап көрсеткен жеті негізгі бағыт егжей-тегжейлі талқыланып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Қала әкімі өз сөзінде өндірістік әлеуетті арттыру, инвестициялық жобаларды қолдау, ауыл шаруашылығында жаңа бастамаларды дамыту қажеттігін атап өтті.
– Мемлекет басшысы жолдауында еліміздің келешегіне зор серпін беретін салаларды ерекше атап өтті. Біздің міндет – сол бағыттарды тиімді іске асырып, Кентаудың дамуына нақты үлес қосу. Бұл ретте кешенді жоспарлар әзірленіп, әр сала бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деді Жандос Тасов.
Сонымен қатар жиында құрылыс саласында қолға алынған жобалардың орындалу барысы қаралды. Қала әкімі жауапты сала өкілдеріне жұмыстың сапасын арттыруды, жолдауда көрсетілген басым бағыттарға сәйкес нақты іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруды тапсырды.
Жиын соңында қала әкімі әрбір бөлім мен мекеме басшысына халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шараларды нақты жоспарға енгізіп, орындалуын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.