Бүгін Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова көпбалалы 4 анаға «Алтын алқа» және 15 анаға «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстап, сый-сияпат көрсетті.
«Халқымыздың демографиялық әлеуетін арттыруда, ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбектеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Еліміздің алтын діңгегі болып, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер», — деп асыл аналарға алғысын білдірді.
Жыл сайын жеті және одан артық баланы дүниеге әкелген аналарға «Алтын алқа» наградасы, ал алты баланы дүниеге әкелген аналарымызға «Күміс алқа» беріледі.
Жалпы, Кентау қаласында 4021 көпбалалы ана бар. Оның 499-ы «Алтын алқа», 1104-і «Күміс алқа» иегерлері болса, 25 «Батыр ана» мен 1-2 дәрежелі «Ана даңқымен» 41 ана бар.