КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАСІРЕТ АЙМАҒЫНА ЕНГЕН АУМАҚТАР ТІЗІМІНЕ ЕНДІ

КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАСІРЕТ АЙМАҒЫНА ЕНГЕН АУМАҚТАР ТІЗІМІНЕ ЕНДІ

Кентау қаласы мен оған іргелес Ащысай, Хантағы, Байылдыр, Қарнақ ауылдары экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақ ретінде танылып, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап ресми түрде осы мәртебеге ие болды.


Осыған орай қала әкімдігінде түсіндіру жиыны өтіп, оған қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілі Ғалымжан Сапарқұлов, қалалық мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары, кадр және есеп мамандары, сондай-ақ кәсіпкерлер қатысты.


Жиында қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов пен қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильхам Азизбаев заңға енгізілген өзгерістер мен әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде баяндама жасап, негізгі жеңілдіктерге тоқталды.


Атап айтқанда, экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймақта орналасқан бюджет мекемелері қызметкерлерінің жалақысына 20% қосымша төлем қарастырылып, жыл сайын ақысы төленетін 7 күн қосымша демалыс және бір айлық мөлшерінде сауықтыруға арналған материалдық көмек төленеді. Сондай-ақ, студенттерге 1,2 коэффициентпен шәкіртақы төлеу көзделген. Сонымен қатар, аталған экологиялық төлемдерден бірқатар салықтар мен әлеуметтік жарналар алынбайды.


ҚР Еңбек инспекциясы комитетінің өкілі Ғалымжан Сапарқұлов экологиялық мәртебеге байланысты еңбек қатынастарына қатысты түсіндірме беріп, қатысушылар қойған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, мемлекеттік емес мекемелер мен жеке кәсіпкерлерге заң талаптарына сәйкес, экологиялық төлемдерді өз қаражаттары есебінен өтеу қажеттігі ескертілді.