Кентау қаласының тумасы Нигора Тоймбетова — өз кәсібін дөңгелетіп отырған белсенді кәсіпкер. Ол 2024 жылдың екінші легінде мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, тігін ісін бастаған болатын.
Тігінші мамандығы бойынша білім алған Нигора берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ең алдымен өзіне қажетті тігін машинасын, үтік және материалдарын сатып алған. Бүгінде ол тек өзі жұмыс істеп қана қоймай, үш адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қазіргі таңда тапсырыстар Кентау қаласымен қатар, Байылдыр, Оранғай, Қарнақ ауылдарынан да келіп түсуде. Сапалы тігін бұйымдарына деген сұраныс күннен күнге артып келеді.
“Мемлекет берген гранттың арқасында армандаған кәсібімді бастадым. Еңбектеніп, ісімді алға жылжытудамын. Бұл – мен үшін үлкен мүмкіндік,” – дейді кәсіпкер.
Алдағы мақсаты – ісін кеңейтіп, сұранысын артыра отырып жұмысшы санын көбейту.