Каспий теңізі арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасының жүзеге асырылуына арналған кездесу өтті. Жиынға Телекоммуникалыр комитеті өкілдері, "Қазақтелеком" АҚ және мердігер компания қатысты. Кездесу барысында жобаның техникалық аспектілері, құрылыс кезеңдері және оны іске асырудың негізгі міндеттері талқыланды.
3 наурызда бірлескен кәсіпорын Caspinet B.V. мен мердігер ұйым арасында Әзербайжан – Қазақстан бағыты бойынша суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау және салу туралы келісім жасалды. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасындағы деректер тасымалының балама бағытын құрып, өңірдегі телекоммуникациялық инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.
Жалпы ұзындығы 370 шақырымды құрайтын жаңа байланыс желісі Қазақстан мен Әзербайжанның халықаралық телекоммуникациялық жүйелерге қосылуын жақсартып, инфрақұрылымның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру аясында "Қазақтелеком" (Қазақстан) және "AzerTelecom International" (Әзербайжан) негізгі операторлар болып белгіленді.