
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебінің тыңдаушыларына арналған дәріс ұйымдастырылды. Дәріс барысында елдің түрлі өңірлерінен келген шамамен 30 мемлекеттік қызметші статистикалық деректермен жұмыс істеудің негізгі кезеңдерімен, ресми статистикалық ақпаратты қалыптастыру мәселелерімен танысты. Дәріске сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская қатысты.
Дәрісті Бюроның стратегиялық жоспарлау және әдіснамалық үйлестіру департаментінің директоры Еркебұлан Иембердиев өткізді. Кездесу барысында тыңдаушыларға деректер сапасын қамтамасыз ету тәсілдері, статистиканың ашықтығын арттыру құралдары, сондай-ақ заманауи деректер экожүйесін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылды. Лектор статистиканың тиімді мемлекеттік саясат қалыптастырудағы, қабылданатын шешімдердің сапасын арттырудағы және қоғам үшін ашықтықты қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол цифрлық трансформация жағдайында деректердің дәлдігі, уақытында шығуы және қолжетімділігі ерекше мәнге ие болатынын айтты.
Айта кетейік, Бюро академиялық ортамен белсенді ынтымақтастық жүргізіп келеді, МБА тыңдаушыларына, сондай-ақ басқа да жоғары оқу орындарының студенттеріне деректерді пайдалану, data-сауат, талдау мүмкіндіктері жөнінде дәрістер өткізеді, жас мамандарды қолдау мақсатында түрлі дәрістер мен конкурстар ұйымдастырып, тағылымдамаларға шақырады. Бұл шаралар жас мамандардың деректермен жұмыс істеу бойынша кәсіби дағдылары мен білімдерін дамытуға ықпал етеді.