М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының «Datathink» командасы республикалық «Qazdatathon» байқауының жеңімпазы атанды. Команда әлеуметтік жәрдемақылардың үй шаруашылықтарының шығын құрылымына әсерін бағалау тақырыбындағы жұмысын ұсынды.
Жыл сайын өтетін деректер аналитикасы байқауының финалына барлығы 10 команда қатысты. Қатысушылар халықтың өмір сүру деңгейі, еңбек нарығы және тұрғын үй жағдайлары бойынша синтетикалық деректер жиынтығымен, сондай-ақ 2021 жылғы Ұлттық халық санағының нәтижелерімен жұмыс істеді.
Финал қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік үштікті анықтады:
I орын – М. В. Ломоносов атындағы ММУ-дың Қазақстан филиалының «Datathink» командасы, «Қазақстандықтар өз ақшасын неге жұмсайды және әлеуметтік жәрдемақылар олардың шығындарына қалай әсер етеді» жобасы
II орын – Қазақстан-Британ техникалық университетінің «KBTU Warriors» командасы, «Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық даму мен халық әл-ауқатына әсер ететін өңірлік факторлар» жобасы
III орын – SDU University оқу орнының «Data Nomads» командасы, «Қазақстандағы әл-ауқатты бағалаудың көпөлшемді әдістемелік моделі: өңірлік, аумақтық, гендерлік және жас ерекшелігіне байланысты өмір сапасының құрамдас индексі» жобасы
«Qazdatathon – жас мамандардың сандарды нақты аналитикалық шешімдерге айналдыра алатынын көрсететін маңызды алаңға айналды. Қазақстанда деректермен жұмыс істеуге деген қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады. Әрбір қатысушы жоғары кәсібилігі мен шығармашылық көзқарасын көрсетті», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Биыл байқауға еліміздің түрлі өңірлерінен 42 команда қатысты. Олардың қатарында студенттер, жас зерттеушілер, аналитиктер мен IT-мамандар бар. Байқаудың жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады.
Байқау туралы: ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы ұйымдастыратын «Qazdatathon» байқауы әлеуметтік-экономикалық және әдіснамалық мәселелерді деректер негізінде шешудің жаңа тәсілдерін іздеу, сондай-ақ деректермен басқару мәдениетін және деректерге негізделген шешім қабылдау тәжірибесін дамыту мақсатында өткізіледі.
Байқау алғаш рет 2022 жылы өткізілді. 2023 жылдан бері байқау «El Umiti» корпоративтік қоры мен әлеуметтанушылар мектебімен бірлесе ұйымдастырылып келеді. Бүгінде байқау ауқымы кеңейтіліп, студенттермен бірге data-scientist, data-analyst, статистикалық қосымшалармен, бағдарламалау тілдерімен және BI-құралдарымен жұмыс істей алатын зерттеушілер де қатысып келеді.