
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросына Қытай Халық Республикасының Статистика басқармасынан делегация іссапармен келді. Сапардың мақсаты – үй шаруашылықтарын зерттеу, халықтың өмір сүру деңгейі мен жұмыспен қамтылуын бағалау әдістемесі саласында тәжірибе алмасу.
Бұл сапар кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға, үздік тәжірибелермен танысуға және статистикалық бақылауларды ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін дамытуға бағытталған. Бағдарлама аясында кездесулер, әдістемелік тәсілдердің таныстырылымдары, қолданылып жүрген құралдар мен технологияларды талқылау, сондай-ақ Қазақстанда үй шаруашылықтарын зерттеу тәжірибесімен танысу жоспарланған.
Іс-шараны ашқан Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев халықаралық әріптестіктің маңыздылығын атап өтіп, Қытай делегациясына Қазақстан тәжірибесіне қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдірді.
«Қытай Халық Республикасының Статистика басқармасы делегациясын қабылдау біз үшін үлкен құрмет. Биыл қазақстандық статистика өзінің 105 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы жылдар ішінде еліміздің статистикалық қызметі алғашқы есеп ведомостерінен бастап цифрлық технологиялар, үлкен деректер және заманауи талдау әдістерін енгізуге дейінгі жолдан өтті. Біз бірлескен бастамалар, тәжірибе алмасу және инновациялық тәсілдерді дамыту – статистикалық ақпарат сапасын, салыстырмалылығын және сенімділігін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді ол.
Қазақстан мен Қытай ресми статистика саласында өзара іс-қимылды, соның ішінде сараптамалық диалогтар, өзара сапарлар және бірлескен бастамаларды іске асыру арқылы жалғастыруға ниетті. Ерекше назар деректердің әдістемелік салыстырмалылығын нығайтуға, инновациялық шешімдерді қолдануға және талдамалық әлеуетті кеңейтуге аударылатын болады.