Бюро мамандары халық санының эксперименттік есептеу мәселесін талқылады

Бюро мамандары халық санының эксперименттік есептеу мәселесін талқылады

Қазақстандағы БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) өкілдерімен өткен кездесуде Ұлттық статистика бюросы халық санын 2055 жылға дейінгі кезеңге эксперименттік есептеу мәселелерін, сондай-ақ статистикалық тіркелімдер негізінде аралас әдіспен 2030 жылғы раунд санағына дайындық барысын талқылады.

Кездесу барысында АҚШ Халық санағы бюросының DAPPS (Demographic Analysis Population Projection System) жүйесін қолдана отырып, өңірлер бөлінісінде халық санының болжамын әзірлеу жобасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Бұл жүйе туу, өлім-жітім және көші-қон көрсеткіштерін бағалау негізінде қысқа және ұзақ мерзімді демографиялық болжамдар жасауға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру Бюроның демографиялық болжау саласындағы институционалдық және техникалық әлеуетін нығайтып, мемлекеттік органдар мен жұртшылықты ғылыми негізделген деректермен қамтамасыз етуге жол ашады.

Бюро ЮНФПА-ға жобаны қолдау жөніндегі өтінішті жедел қарағаны және ұлттық статистиканы, әсіресе демография саласын дамытудағы ұзақ мерзімді әріптестігі үшін алғыс білдірді. Тараптар сондай-ақ кеңес беру, оқыту өткізу, болжамдық сценарилер әзірлеу және негізгі нәтижелер визуализациясымен бірге аналитикалық есеп дайындау мәселелерін талқылады.

Қазіргі уақытта Бюро қызметкерлері өңірлер бөлінісінде халық саны мен негізгі демографиялық құрамдастар бойынша бастапқы деректерді дайындады. Болжам нәтижелері 2021 жылғы халық санағының қорытындыларын ескере отырып, «Біз, Қазақстан» есебінің «2055 жылға дейінгі демографиялық перспектива» бөлігін жаңарту кезінде пайдаланылатын болады.