
Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан XXXV Qosanov Memorial World Athletics Continental Tour Bronze Level халықаралық турнирі өз мәресіне жетті.
Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 11 алтын, 13 күміс және 18 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Екінші орын Өзбекстан құрамасына бұйырса, үздік үштікті Қырғызстан спортшылары түйіндеді.
Қазақстандық спортшылар Мария Ефремова (ұзындыққа секіру және үш қарғып секіру), Максим Балабин (сырықпен секіру), Аделина Земс (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Вячеслав Земс (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Ефим Тарассов (400 метрге жүгіру), Аяна Болатбекқызы (1500 метрге жүгіру), Кристина Минковская, Мария Щипачева, Анастасия Кононович және Елизавета Якименко (4×100 метрлік эстафета), Рамазан Шаиев (800 метрге жүгіру), Полина Иванова (сырықпен секіру) және Ақбілек Құралбай (5000 метрге жүгіру) алтын медаль еншіледі.
Жарыс барысында бір турнир рекорды жаңартылды. Ерлер арасындағы 1500 метрге жүгіруде Қырғызстан спортшысы Нұрсұлтан Кенешбеков 3:43.51 нәтиже көрсетіп, өзіне тиесілі 2021 жылдан бері сақталып келген жарыс рекордын жаңартты.
Биылғы халықаралық турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Малайзия, Иран, Египет, Сауд Арабиясы, Әзербайжан және Грузиядан 250-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс 30 маусым мен 1 шілде аралығында Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өтті.
Ғұсман Қосанов мемориалы World Athletics күнтізбесіне енген халықаралық турнир ретінде спортшыларға әлемдік рейтинг үшін маңызды ұпайлар жинауға мүмкіндік береді және Қазақстандағы жеңіл атлетиканың халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға үлес қосып келеді.