1994-2022 жылдардағы қысқы Олимпиаданың жүлдегерлері

1994-2022 жылдардағы қысқы Олимпиаданың жүлдегерлері

6-22 ақпан күндері Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада өтеді. Қазақстан биылғы қысқы Олимпиадаға Тәуелсіз мемлекет ретінде тоғызыншы мәрте қатыспақ.

Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен қысқы Олимпиадада өнер көрсетті. Аталған додада Қазақстанның 29 спортшысы спорттың сегіз түрінен бақ сынады. Сол жолы шаңғышы Владимир Смирнов бір алтын және екі күміс медаль олжалап, Қазақстан жалпыкомандалық есепте 12-орынға тұрақтады.

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласындағы қысқы Олимпиадаға Қазақстан құрамасы сапынан спорттың сегіз түрінен 60 спортшы қатысты. Нәтижесінде ұлттық құрама екі қола медаль еншіледі. Бірін шаңғышы Владимир Смирнов, екіншісін конькимен жүгіруден Людмила Прокашева жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 20-орынға ие болды.

2002 жылы Солт-Лейк-Сити (АҚШ) және 2006 жылы Турин (Италия) қалаларында өткен қысқы Олимпиада Қазақстан үшін жүлдесіз аяқталды. Солт-Лейк-Ситиде 52 спортшы, ал Туринде 43 спортшы өнер көрсетті.

2010 жылы Ванкувердегі (Канада) Олимпиадада 37 спортшымыз бақ сынап, бір күміс жүлде иеленді. Биатлон бәсекесінде өнер көрсеткен Елена Хрусталева жекелей сайыста мәре сызығын екінші болып кесіп, күміс медаль еншіледі.

2014 жылғы Ресейдің Сочи қаласында жалауы желбіреген Олимпиадада Қазақстан құрамасынан 51 спортшы бақ сынап, соның біреуі жүлдегерлер қатарынан көрінді. Олимпиаданың соңғы күндерінде мұз айдынға шыққан Денис Тен қола жүлдеге қол жеткізді.

2018 жылы Пхёнчхандағы (Корея Республикасы) қысқы Олимпиадаға Қазақстан құрамасынан 44 спортшы қатысты. Бұл жолы да жерлестеріміз бір қола медаль жеңіп алды. Оны фристайл-могул өкілі Юлия Галышева иеленді.

2022 жылы Бейжіңде (Қытай) өткен әзірге ең кейінгі Олимпиадада Қазақстан атынан 34 спортшы (17 ер, 17 әйел) бақ сынады. Бұл ойындарда да ұлттық құрама жүлдеге қол жеткізе алмады. Тек шорт-трекші Абзал Әжғалиев ғана жүлдеге бір табан жақын болды. Ол 500 метр қашықтықта төртінші орын алды.

Жалпы алғанда, Қазақстан қысқы Олимпиада тарихында сегіз медаль (бір алтын, үш күміс, төрт қола) олжалап, бес спортшымыз тұғыр сатысына көтерілді. Әзірге ел қоржынына ең кейінгі жүлде 2018 жылы түсті.