
Бүгін ҚР Туризм және спорт министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысында спорт саласына қатысты Комиссия мүшелері спорт федерациялары басшыларының жұмысын бағалау үшін KPI жүйесі мен әдістемесін енгізуді ұсынды. Аталған көрсеткіштер федерация басшыларының жеке міндеттемесі ретінде айқындалып, аккредитациядан өту кезіндегі міндетті шартына айналмақ.
Отырыста Қоғамдық кеңес өкілдері спорт федерациялары басшыларына төмендегі тиімділік көрсеткіштерін орындау жөнінде міндет жүктеуді ұсынды:
- тиісті спорт түрін қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражаттың кемінде 10%-ына тең мөлшерде демеушілік қаражат тарту.
Мысалы, спорт түрін дамытуға (республикалық және жергілікті бюджеттерден) 15 млрд теңге бөлінсе, Федерацияның үлесі кемінде 1,5 млрд теңге болуға тиіс. Бұл қаражатты қаржылық есептің ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірыңғай оператор – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ арқылы бағыттау ұсынылады.
- олимпиадалық цикл (4 жыл) ішінде нақты спорт түрі бойынша Қазақстан ұлттық құрамаларын дайындау стандарттарына сай келетін кемінде бір спорт кешенін салу немесе жаңғырту үшін инвестор тарту;
- олимпиадалық цикл ішінде Федерацияның өз қаражаты есебінен чемпиондар мен халықаралық жарыстардың жүлдегерлерін дайындаған кемінде үш білікті шетелдік жаттықтырушы мен кеңесшіні тарту;
- халықаралық федерацияларда кемінде бір отандық өкілдің қызмет етуін және Олимпиада мен Азия ойындарында қазақстандық төрешілердің төрелік етуін қамтамасыз ету.
Осылайша спорт федерациялары басшылары өз командаларын жан-жақты дамытуға, ұлттық құрамалардың түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарда, соның ішінде Олимпиада және Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсетуіне бағытталған міндеттемелерді орындауға жауапты болады.
Ұсынылған KPI көрсеткіштерінің орындалу барысы Қоғамдық кеңестің отырысында жылына екі рет тыңдалып отыруы ұсынылды.
Сонымен қатар Қоғамдық кеңестің спорт федерациялары қызметіне қатысты қорытындылары көпшілікке қолжетімді болып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.